Бүгінде әлжеліде жастардың «ред флаг», «триггер болды», «стресс», «комфорт», «уровень», «имба» сияқты сөздерді жиі қолданатынын байқауға болады. Кейде мұндай сөздерді үлкен буын түсінбей жатады. Бірақ ғалымдар мұны тілдің бұзылуы емес, цифрлық дәуірдегі қарым-қатынас ерекшелігі деп бағалайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жастар бірнеше тілді араластырып сөйлейді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Threads әлжелісіндегі қазақ тілді жастардың жазбаларын зерттеп, олардың тілдік мінез-құлқына талдау жасаған.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазіргі жастар қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі сөздерді бір сөйлемде қатар қолданады. Мысалы, «ред флаг», «триггер», «стресс», «комфорт», «уровень» сияқты сөздер күнделікті онлайн қарым-қатынастың бір бөлігіне айналған.
Зерттеушілер мұны жастардың көптілді ортада өмір сүріп, жаһандық цифрлық мәдениеттің ықпалында екенін көрсететін құбылыс деп түсіндіреді.
Қоңыраудан гөрі хабарлама ыңғайлы
Ғалымдар зерттеген жазбалардың бірінде автор телефонмен сөйлесуді «стресс», ал мәтін хабарламаны «комфорт» деп сипаттайды.
Бұл қазіргі жастардың цифрлық коммуникацияға бейімделгенін көрсетеді. Яғни оларға чат арқылы сөйлесу телефон қоңырауына қарағанда әлдеқайда ыңғайлы.
Бұл тілдің бұзылуы емес
Зерттеу авторлары қазіргі жастардың тілдік ерекшелігін тілдің бұзылуы емес, цифрлық дәуірдегі қарым-қатынас формасы ретінде бағалайды.
Қорытындыға сәйкес, қазақ тілді жастар әлжелілерде өз ойын еркін жеткізеді, бірнеше тілді қатар қолданады, эмоциясын ашық білдіреді және интернет мәдениетіне тән жаңа сөздерді белсенді пайдаланады. Олардың жазбалары тек ақпарат алмасу емес, қоғамдағы мәселелерге пікір білдірудің, қолдау іздеудің және жеке ұстанымын көрсетудің де құралына айналған.
Baribar.kz аталған зерттеуге сүйеніп, қазіргі жастар тілінде жиі кездесетін 20 сөзге шолу жасады.
| Сленг | Мағынасы |
|---|---|
| 🚩 Ред флаг (Red flag) | Адамның немесе жағдайдың қауіпті, жағымсыз белгісі. |
| 😵 Триггер (Trigger) | Белгілі бір жағдайдың адамда күшті эмоция немесе жағымсыз естелік тудыруы. |
| 🔥 Имба (Imba) | Өте мықты, керемет нәрсе. |
| 💘 Краш (Crush) | Ұнатып жүрген, сұлу не сымбатты адам. |
| 🤯 Делулу (Delulu) | Шындыққа жанаспайтын қиялға тым сенетін адам. |
| ☠️ Токсик (Toxic) | Үнемі негатив тарататын, айналасына зиян келтіретін адам. |
| 😎 Сигма (Sigma) | Ешкімге тәуелсіз, өз жолымен жүретін адам. |
| 💯 База (Base) | Өте дұрыс айтылған пікір, шындық. |
| ✨ Флекс (Flex) | Байлығын, жетістігін немесе мүмкіндігін мақтанып көрсету. |
| 🎭 Кринж (Cringe) | Ұят, ыңғайсыз немесе күлкілі көрінетін жағдай. |
| 🥶 Рофл (ROFL) | Өте күлкілі жағдай немесе әзіл. |
| 💀 Жиза (Жизненно) | «Дәл менің жағдайым», өмірде жиі болатын нәрсе. |
| 🧠 Инфоцыган | Өзін сарапшы ретінде көрсетіп, күмәнді курстар мен кеңестер сататын адам. |
| 😩 Стресс | Күйзеліс, психологиялық қысым. |
| 😌 Комфорт | Жайлы, ыңғайлы сезіну. |
| 🫶 Вайб (Vibe) | Белгілі бір жердің, адамның немесе жағдайдың атмосферасы, көңіл күйі. |
| 🚀 Хайп (Hype) | Қатты танымал болған, қызу талқыланып жатқан нәрсе. |
| 😂 Мем (Meme) | Интернетте тез таралатын әзіл, сурет немесе видео. |
| 📱 ЛС (Личка) | Жеке хабарлама, жеке чат. |
| 👀 Спойлер (Spoiler) | Фильмнің, сериалдың немесе кітаптың маңызды оқиғасын алдын ала айтып қою. |
