Басты бет / Жаңалықтар /
ee906fee99edf60e2ec0f9170442f35d Үш әйелі туралы жазба жариялаған Қазақстан азаматы жауапқа тартылды
Үш әйелін көрсеткен тұрғын. Фото: Видеодан үзінді: instagram.com/almaty.police

Үш әйелі туралы жазба жариялаған Қазақстан азаматы жауапқа тартылды

Алматыда әлжеліде көпәйел алуды насихаттайтын мазмұндағы жарияланымдар жариялаған Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, құқық қорғау органдары интернет кеңістігін мониторингтеу барысында азаматтың Instagram желісіндегі жарияланымдарын анықтаған. Ол бірнеше күн бұрын үш әйелі бар екенін айтып, отбасымен түскен суреттері мен жазбаларын бөліскен.

Жазбалардың бірінде ол әйелдері туралы:

«Басқалардың біз туралы не ойлайтыны бізге бәрібір. Біз ешкімнің үмітімен өмір сүрмейміз, ешкімге ұнауға тырыспаймыз. Бұл – біздің өміріміз, біздің жауапкершілігіміз және біздің таңдауымыз. Ең бастысы – біз бақыттымыз», – деп жазған Бауыржан Бақытжанұлы.

Тағы бір жарияланымында:

«Әр отбасының өз қиындығы бар. Қазір көпәйелді өмірдегі ең үлкен қиындық – қаржының жетіспеуі. Бұрын оны онша сезінбедік. Соңғы бес-алты жыл эмоциямен, шытырман өмірдің әсерімен өтті. Қазір есейдік, өмірге саналырақ қарай бастадық. Сондықтан қазіргі ең үлкен мәселе – қаржының жетіспеуі», – деді Бауыржан Бақытжанұлы

Полицияның хабарлауынша, жарияланған материалдар Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамның моральдық-этикалық құндылықтарына қайшы келетін өмір салтын көпшілік алдында насихаттау ретінде бағаланған.

Аталған азаматтың жеке басы анықталып, оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция мәліметінше, профилактикалық әңгімеден кейін азамат әжелідегі жарияланымдарын өз еркімен өшірген.

Алматы қалалық Полиция департаменті заң талаптарына қайшы келетін мінез-құлық үлгілерін, отбасы институтына деген құрметті әлсірететін және қоғамдағы моральдық-этикалық құндылықтарға қайшы келетін контентті тарату заңда көзделген жауапкершілікке себеп болатынын ескертті.

dc2c2fc84e1e38eb74445b5ea51f1c5b Үш әйелі туралы жазба жариялаған Қазақстан азаматы жауапқа тартылды
Фото: жазбалардың бірінің скриншоты

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook