50 жастан асқан адамдардың жұмысқа тұруы қиын деген пікір кең таралған. Алайда мансап кеңесшілерінің айтуынша, маманның жасы емес, білімі мен бейімі маңызды. Кейбір жұмыс берушілер егде жастағы қызметкерлер жаңа технологияларды баяу меңгереді, жиі ауырады немесе жастармен тіл табысуы қиын деп есептейді. Бірақ мұндай пікірлердің көбі – таптаурын түсінік (стереотип).
Керісінше, 50 жастан асқан мамандар тәжірибесі мол, жауапкершілігі жоғары, дағдарыс кезінде сабыр сақтап, күрделі міндеттерді өздігінен шеше алады. Сондықтан көптеген компания дәл осындай тәжірибелі қызметкерлерді іздейді.
Жұмыс берушінің сеніміне қалай кіруге болады?
Өзіңіздің заман талабына сай маман екеніңізді көрсетіңіз
Түйіндемеде және жұмысқа қабылдау кезінде тек көп жылғы тәжірибеңізді емес, кейінгі екі-үш жылда қандай жаңа білім мен дағды меңгергеніңізді де атап өткен жөн. Қандай бағдарламаларды игердіңіз, қандай курстардан өттіңіз, жасанды интеллект құралдарын қолданасыз ба – осының бәрі жұмыс берушіге сіздің кәсіби дамып жүргеніңізді көрсетеді.
Түйіндемені қысқа әрі өзекті етіп жазыңыз
Түйіндемеде кейінгі 10–15 жылдағы жұмыс тәжірибесіне басымдық берген дұрыс. Ал 20–30 жыл бұрынғы қызметтерді қысқаша жазуға немесе мүлде алып тастауға болады. Жұмыс берушіге еңбек жолының ұзақтығынан гөрі қазіргі кәсіби біліктілігіңіз маңызды.
Еңбек өтілін емес, нақты нәтиже көрсетіңіз
Көп жыл жұмыс істегеннің өзі әрдайым артықшылық емес. Оның орнына қандай жобаларды жүзеге асырғаныңызды, қандай нәтижеге жеткеніңізді және жаңа жұмыс орнында қандай пайда әкеле алатыныңызды нақты мысалдармен көрсеткен тиімді.
Ынталы әрі жаңа бастамаларға ашық маман екеніңізді дәлелдеңіз
Жұмыс берушілердің жиі күмәнданатын мәселелерінің бірі – жасы үлкен үміткердің жұмысты тек зейнетке шыққанға дейін уақыт өткізу үшін іздеп жүр деген түсінік. Сондықтан жаңа білім алуға дайын екеніңізді, өзгерістерге бейімделе алатыныңызды және жұмысқа белсенді араласуға ниетті екеніңізді көрсету маңызды.
Ең бастысы – кәсіби біліктілігіңіз бен компанияға қоса алатын үлесіңіздің құндылығы
Сарапшылардың айтуынша, жұмыс беруші үміткердің жасын емес, компанияға қаншалықты пайда әкеле алатынын бағалайды. Сондықтан тәжірибеңіздің артықшылықтарын дұрыс көрсете алсаңыз, төлқұжаттағы жас сіздің мүмкіндігіңізді анықтайтын өлшем емес.
