Бала кезінен еңбекке араласқан бала жауапкершілікті ерте сезініп, өзіне жүктелген істі тиянақты орындауға үйренеді дейді. Бірі ата-анасына үй шаруасына көмектессе, енді бірі отбасылық кәсіпке араласып, үлкендерден түрлі істің қыр-сырын меңгереді. Еңбекпен ерте танысқан балалардың арасында қолөнерге қызығып, ата-анасының кәсібіне үлес қосып жүргендері де бар. Солардың бірі — 13 жастағы Нұрболсын Әденбекұлы. Ол ата-анасына көмектесіп, көрпе тігу мен жүн түту ісін үйреніп жүр.
Baribar.kz тілшісі Нұрболсынмен әңгімелесіп, отбасылық кәсіпке қалай араласқанын және көрпе тігуді қашан меңгергенін сұрады.
«Көрпе тігуді ата-анама көмектесіп жүріп үйрендім»
Нұрболсын Әденбекұлы – Алатау қаласындағы №4 орта мектептің 8-класс оқушы. Ол бос уақытында ата-анасына көмектесіп, отбасылық кәсіптің қыр-сырын меңгеріп жүр.
Ата-анама көмектесіп жүргеніме бір жарым жыл болды. Көрпе тігіп, жүн түтетін цехымыз бар. Көрпе тігуді де ата-анама көмектесіп жүріп үйрендім, – дейді ол.

Цехта Нұрболсын ата-анасымен бірге қой жүнінен көрпе тігеді. Мұнда жаңа қолөнер бұйымынан бөлек, ескі көрпе-жастықты да өңдеп, жаңартуға болады. Әсіресе, қыз жасауын жинап жүрген жандар цехқа барып, Нұрболсынның өнімін сатып алуына болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Нұрболсын цехта көрпе тігуге қажет бірнеше жұмысты атқарады. Оның ішінде жүн түту, мата қию және көрпе тігу бар. Жас шебердің айтуынша, бір көрпені дайындауға шамамен алты минуттай уақыт кетеді. Алайда көрпе тігу оңай дүние емес. Әсіресе, матаның ішін жүнге толтырып, оны аудару оңай емес екен.
Жұмыстың оңайы жоқ. Дегенмен көрпе тіккен кезде өзіме ерекше ұнайтын істер де бар. Әсіресе, көздің жауын алар өрнек салып, дизайнын ойластырған қызық, – дейді Нұрболсын.
Қолөнер ептілікке үйрететін іс
Қол еңбегіне ерте араласқан Нұрболсын бұл жұмыстың өзіне пайдалы машық қалыптастырғанын айтады. Оның айтуынша, цехтағы еңбек епті болуға және істі сапалы орындауға үйреткен.
Нұрболсын үшін ата-анасына көмектесу тек белгілі бір жұмысты орындаумен шектелмейді. Отбасына қолғабыс етіп жүргені өзгелерге де үлгі болса дейді.
Сабақ пен жұмысты қатар алып жүр
Нұрболсын мектептегі оқуын да, цехтағы жұмысын да қатар алып жүр. Уақытын басқара алғаны арқасында әр ісіне көңіл бөле алады.
Сабақ уағында таңертең ерте тұрып, түске дейін жұмыс істеймін. Түстен кейін мектепке барып, сабағымнан қалмаймын. Жазғы демалыс кезінде күн тәртібім аздап өзгерді. Сабақтан бөлек дзюдомен айналысып, спортқа да көңіл бөлемін, — дейді кейіпкеріміз.

«Достарым мені қолдайды»
Нұрболсынның ата-анасына көмектесіп, көрпе тігіп жүргенін достары да біледі. Жасөспірімнің айтуынша, олар досына құрмет танытып, қолдайды.
Жас қолөнерші болашақта өз кәсібін ашуды армандайтынын айтты. Қазір ата-анасының жанында жүріп, еңбекке араласуы кәсіптің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік беріп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Болашақта тіс дәрігері болуды да армандаймын. Қазірден еңбекке араласқаным өзім үшін жақсы екенін білемін. Мен секілді ата-анасына көмектесіп, қолғабыс етуді ойлап жүрген қатарластарыма айтарым: жақындарыңа көмектесіп, оларды сыйлап, қадірлей біліңдер. Еңбек етуден қашпай, үлкендерден үйренген іс болашақта пайда әкелетін тәжірибе деп қабылдау керек, – дейді Нұрболсын.
***
Тағы оқыңыз:
