Басты бет / Жаңалықтар /
тұрғын үй
Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанда бірнеше адам бірігіп пәтер сатып алуына бола ма?

Қазақстан заңнамасы бойынша, тұрғын үйді бірнеше адам бірігіп сатып алып, бірден бірнеше адамның атына рәсімдеуге болады. Бұл жағдайда жылжымайтын мүлік үлестік немесе ортақ меншік ретінде тіркеледі. Пәтерді туыстар ғана емес, достар немесе ресми некеге тұрмаған жұп та бірігіп сатып алуына рұқсат бар. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үлестік меншік дегеніміз не?

Үлестік меншік – бірнеше адам бірігіп үй сатып алғанда тіркелетін меншік түрі. Бұл жағдайда әр меншік иесінің пәтердегі үлесі нақты көрсетіледі. Үлестің мөлшері әр адамның сатып алуға қосқан қаражатына байланысты белгіленуі мүмкін. Алайда өзара келісім босла, үлесті басқа тәртіппен де бөлуге болады.

Мысалы, үш дос құны 30 млн теңге болатын пәтер сатып алды делік. Бірінші адам 15 млн теңге төлеп, пәтердің 50%-ына, екіншісі 9 млн теңге төлеп, 30%-ына, ал үшіншісі 6 млн теңге төлеп, 20%-ына иелік етеді.

Ортақ меншік дегеніміз не?

Ортақ меншікте әр адамның нақты үлесі алдын ала белгіленбейді. Пәтер бірнеше адамның ортақ меншігі ретінде тіркеледі және олардың барлығы тең құқыққа ие болады.

Егер ерлі-зайыпты ресми некеде тұрған кезде пәтер сатып алса және олардың арасында неке шарты болмаса, пәтер әдетте екеуіне де ортақ мүлік болады. Демек, тұрғын үй ерлі-зайыптыға тең тиесілі. Ал ресми некеге тұрмаған жұп пәтер сатып алған жағдайда, әдетте, үлестік меншік рәсімделеді.

  • Неке шарты – ерлі-зайыптының мүлік құқығы мен міндетін алдын ала белгілейтін келісім. Шартта пәтер кімге тиесілі болатыны, мүліктің қалай бөлінетіні, ажырасқан жағдайда мүлік кімде қалатыны көрсетіледі.

Мұндай шарт қалай жасалады?

Бірнеше адам бірігіп пәтер сатып алу процесі пәтерді жалғыз адамның сатып алуынан ерекшеленбейді. Негізгі айырмашылығы – келісімшартқа қол қою кезінде барлық сатып алушының қатысуы қажет.

Келісімшартта:

  • барлық меншік иесі;
  • әр адамның пәтердегі үлесі;
  • мәміле тіркелгеннен кейін сатып алушылардың ресми меншік иесі екені көрсетіледі.

Бірге пәтер сатып алғандар нені білуі керек?

Пәтерді бірнеше адам бірігіп сатып алғаннан кейін тұрғын үйге қатысты маңызды шешім де барлық меншік иесінің рұқсатынан соң қабылданады.

Тұрғын тіркеу. Пәтерге жаңа адамды тіркеу үшін барлық меншік иесінің келісімі қажет.

Пәтерді жалға беру. Жалға алу келісімшартына барлық меншік иесі қатыса алады. Немесе олардың бірі қалған меншік иесінен нотариалды сенімхат алған жағдайда мәмілені өзі рәсімдей алады.

Коммуналдық төлемдер. Тұрғын үйге байланысты шығынды барлық меншік иесі өтеуге міндетті. Егер басқа келісім болмаса, төлем әр адамның үлесіне қарай бөлінеді.

Пәтерді сату. Әр меншік иесі өз үлесін сатуға құқылы. Дегенмен сатушы өз үлесін алдымен басқа меншік иесіне ұсынуы керек. Олар сатып алмаған жағдайда ғана үлесті басқа адамға сатуға болады.

Үлесті сыйға тарту немесе мұраға қалдыру. Меншік иесі өз үлесін басқа адамға сыйға тартуға немесе өсиет арқылы мұраға қалдыруға құқылы. Бұл үшін қалған меншік иесінің келісімі қажет емес.

Сонымен қатар пәтерді рәсімдеу және нотариуста сатып алу-сату келісімшартын куәландыру шығыны барлық сатып алушы арасында бөлінеді.

***

Тағы оқыңыз: 

Қазақстанда тұрғын үй бағасына не әсер етеді? Сарапшы жауап берді

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook