«ҚазАвтоЖол» жаз мезгілінде республикалық маңызы бар автожолдарда ауыр жүк көліктеріне қойылатын уақытша шектеу әлі де күшінде екенін еске салды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Шектеу қай өңірлерде қолданылады?
Компания мәліметінше, 1 маусымнан бастап бір білікке 8 тоннадан артық жүк түсіретін көліктердің қозғалысы ауа температурасы +25 градустан жоғары болған кезде шектеледі.
Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында шектеу 1 маусым мен 15 тамыз аралығында сағат 11:00-21:00 аралығында қолданылады.
Ал Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында 1 маусымнан 31 тамызға дейін 10:00-22:00 аралығында жүреді.
Қандай көліктерге шектеу жүрмейді?
Бұл талап халықаралық тасымалға, жолаушылар автобустарына, тез бұзылатын азық-түлік, қауіпті жүк, гуманитарлық көмек тасымалдайтын көліктерге, сонымен қатар әскери және төтенше жағдай қызметтерінің көліктеріне қолданылмайды.
