2016 жылы Қазақстанда еңбекке уақытша жарамсыз парағын алу және төлеу тәртібі өзгерген жоқ. Қызметкер ауырса немесе науқас баласына күтім жасау үшін жұмысқа шыға алмаса, оған еңбекке уақытша жарамсыз парағы рәсімделеді. Бұл құжат қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыз екенін растап, жұмыстан босатуға және әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Еңбекке уақытша жарамсыз парағын кім береді?
Еңбекке уақытша жарамсыз парағын мемлекеттік немесе жекеменшік медициналық ұйым дәрігерлері, тиісті лицензиясы бар жеке дәрігерлер береді.
Құжат алуға емханаға немесе дәрігерге жүгініп, өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді алып баруыңыз қажет. Дәрігер науқасты тексеріп, ем тағайындайды және қажет болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыз парағын рәсімдейді.
Жедел жәрдем шақырса, дәрігер науқастың денсаулық жағдайына қарай ауруханаға жатқызады немесе учаскелік дәрігерге көрсету үшін «сигнал парағын» береді.
Аурухана парағы қанша күнге беріледі?
Сырқаттанған немесе жарақаттанған жағдайда дәрігер еңбекке уақытша жарамсыз парағын бірінші рет 3 күнге береді. Кейбір жағдайларда, мысалы, жедел респираторлық вирус инфекциясы (ЖРВИ) асқынған жағдайда бұл мерзім 6 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Ем ұзаққа созылса, еңбекке жарамсыз мерзім 20 күнге дейін ұзартылады. Ал 20 күннен асса, Дәрігер-кеңес беру комиссиясының қорытындысы қажет.
Стационарда немесе амбулаторияда ем қабылдаған кезде еңбекке уақытша жарамсыз парағы 60 күнге дейін беріледі. Аурудың ауыр түрлерінде бұл мерзім ұзартылуы мүмкін.
Аурухана парағы қалай төленеді?
Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкердің уақытша еңбекке жарамсыз бойынша әлеуметтік жәрдемақыны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді.
Жәрдемақы мөлшері еңбекке уақытша жарамсыз парағында көрсетілген төленуге тиіс жұмыс күндерінің санына қызметкердің орташа күндік жалақысын көбейту арқылы есептеледі.
Бір айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының ең жоғары мөлшері тиісті жылға белгіленген 25 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды.
Кімдерге 100% төленеді?
Орташа жалақының 100 пайызы көлеміндегі жәрдемақы:
- Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектерге және оларға теңестірілген адамдарға;
- өндіріс жарақаты салдарынан еңбекке жарамсыз болған қызметкерлерге төленеді.
Бұл кезде жұмыс беруші жәрдемақыны жағдайдың алғашқы күнінен бастап қызметкер жұмысқа шыққанға немесе мүгедек деңгейі белгіленгенге дейін төлейді.
Бала күтімі кезінде қалай төленеді?
Үш жасқа толмаған бала стационарда емделіп, дәрігер қосымша күтім қажет деген қорытынды берсе, балаға күтім жасайтын анасына, әкесіне немесе басқа тұлғаға да еңбекке уақытша жарамсыз бойынша жәрдемақы жалпы тәртіппен төленеді.
