Алматы облысының Балқаш аудандық соты Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған екі азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
261 келі балық заңсыз ауланған
Іс материалдары бойынша, 2025 жылғы 30 қазанда «Браконьер» жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде екі азамат «Yamaha-40» моторы орнатылған қайықпен көлге шығып, ұзындығы 500 метр болатын синтетикалық ау арқылы 261 келі балықты заңсыз аулаған.
Салдарынан мемлекетке 1 млн 277 мың 506 теңге көлемінде шығын келтірілген.
Бірі сотталды, екіншісі қылмыстық жауаптылықтан босатылды
Сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар оны үш жылға балық аулау құқығынан айырып, пробациялық бақылауға алды. Бұдан бөлек, жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылып, келтірілген шығынның өтелмеген бөлігі өндірілетін болды.
Ал екінші айыпталушы құқық бұзушылық жасаған кезде психикалық дертке байланысты өз әрекетіне есеп бере алмайтын жағдайда болғандықтан, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Сот оған амбулаториялық психиатриялық бақылаудан өту туралы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді.
