Алакөл көлінде тағы бір оқыс жағдай тіркелді. Құтқарушылар техникалық ақауға байланысты көл аралдарының бірінде қалып қойған отбасыны жағаға жеткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Алакөл көлінің акваториясын профилактикалық патрульдеу барысында көмекке мұқтаж демалушыларды құтқарды.
Ведомство мәліметінше, құтқарушылар көл аралдарының бірінде қалып қойған отбасыны байқаған. Кейін олардың жалға алған кемесі бұзылып, жағалауға қайта алмағаны белгілі болды.
Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері жүзу құралы арқылы төрт адамды, оның ішінде бір баланы аман-есен жағаға эвакуациялады.
Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмаған.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі суға шығар алдында жүзу құралының техникалық жағдайын міндетті түрде тексеру керектігін ескертті. Құтқару кеудешесін киіп, кемеге шамадан тыс жүк артпау және ауа райы болжамын ескерудің маңызын еске салды.
Биыл Алакөлде демалыс маусымы басталғалы бері құтқарушылар бірнеше рет демалушыларға көмек көрсетуге шыққан. Мамандар көлге шығар алдында қауіпсіздік талаптарын сақтауға және төтенше жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласуға кеңес береді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алакөлге демалуға барған әйелді паром қағып, екі аяғынан айырылған еді.
