Футболдан әлем чемпионатындағы финалдан кейін Аргентина құрамасының ойыншылары мен жаттықтырушылар штабының Испания футболшыларымен болған жанжалы FIFA-ның назарына ілікті. Ұйым оқиғаға қатысты тергеу басталғанын растады. Тәртіп бұзған ойыншылар мен командаға жаза қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
BBC-дің мәліметінше, FIFA-ның тәртіп комитеті «Метлайф» стадионында болған жағдайды бағалау үшін тәртіп және этика мәселелері жөніндегі прокурорды тағайындады.
Жексенбі күні өткен финалда Аргентина Испаниядан 0:1 есебімен жеңілгеннен кейін, Аргентина құрамасының ойыншылары мен жаттықтырушылар штабының мүшелері әлем чемпионы атанған Испания футболшыларымен жанжалдасып қалған.
Оқиғаға Науел Молина, Леандро Паредес, Тияго Алмада және жаттықтырушының көмекшісі Роберто Айяла қатысқан болуы мүмкін.
Сонымен қатар Аргентина ойыншылары Родри және Гавимен де дауласқан. Аргентина құрамасының бас бапкері Лионел Скалони жанжалды тоқтатуға тырысқан.
FIFA әзірге тергеудің нақты қашан аяқталатынын және қандай жаза қолданатынын хабарлаған жоқ. Алайда ұйым Аргентина құрамасының бұған дейін де тәртіп бұзғанын еске салды. Мәселен, 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін Аргентина футбол құрамасына айыппұл салынған. Ал 2024 жылы Емилиано Мартинес әлем чемпионатының іріктеу матчтарындағы әрекеті үшін екі ойыннан шеттетілген еді.
Сонымен қатар FIFA Аргентина құрамасының Англияны жеңгеннен кейін Фолкленд аралдарына қатысты саяси сипаттағы баннер көрсеткеніне байланысты да жаза қолдануы мүмкін. Осыған байланысты Аргентина футбол құрамасына қатысты бірнеше іс қатар қаралмақ.
