Қазақстанда грант конкурсына қатысу үшін шамамен 127 мың талапкер өтініш берген. Талапкерлердің құжатын қабылдау 13-20 шілде аралығында өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда өтініш саны 14 мыңға артқан. 2025 жылы 113 мың өтініш қабылданған.
2026 жылы бакалавриатта білім алуға 75 мыңнан астам грант бөлінді.
Білім грантының 60%-ы инженерлік бағыттарға берілді. Тағы 20%-ы педагогикаға, ал қалған 20%-ы еңбек нарығына қажет басқа салаларға бөлінді.
Кейінгі кезде талапкерлер арасында сұранысқа ие бағыттар өзгерген жоқ. Атап айтқанда, «Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы», «Педагогика ғылымы» және «Ақпараттық-коммуникациялық технология» мамандығына көп өтініш түскен.
Бір грант орнына ең жоғары конкурс аудармашы, дипломат, заңгер, психолог және мұғалім болғысы келетін талапкерлер арасында болуы мүмкін, – деп хабарлады ғылым және жоғары білім министрлігі.
Грантты тағайындау туралы шешімді мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған Республикалық конкурс комиссиясы қабылдайды.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.
