Астанада әлжелі арқылы жалған ақпарат таратып, жұрттан ақша жинамақ болған 23 жастағы тұрғын 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тергеу мәліметінше, биыл ақпан айында ол Threads әлжелісінде аноним аккаунт арқылы жазба жариялаған. Онда өзін әскери қызмет кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп көрсетіп, өміріне қауіп төніп тұрғанын алға тартқан. Шетелге кетуге қаржылай көмек сұрап, ақша аударуға арналған банк реквизиттерін жариялаған.
Кейін әлжелі қолданушыларының бірі бұл жарияланымға қатысты құқық қорғау органдарына шағымданған. Жүргізілген тексеру барысында таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтыны анықталды. Күдіктінің ешқашан әскери қызмет атқармағаны белгілі болды.
Тергеу барысында күдіктінің ақша жинау үшін бұл жағдайдан бейхабар 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланғаны анықталды. Екі күн ішінде аталған есепшотқа 15-тен астам ақша түскен.
Күдікті тергеу барысында жалған ақпаратты тек қаржы табу мақсатында жариялағанын мойындады.
Аталған дерек бойынша алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот оны кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Полиция азаматтарды әлжелілерде таралатын тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге, бейтаныс адамдардың есепшотына ақша аудармауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырды.
