Басты бет / Жаңалықтар /
саяхат, турист
Иллюстрация: Dribbble.com ©Studio Brillo

Ресейде турист компаниялары жаппай жабылып жатыр

Ресейде турист компаниялары жаппай жабылып жатыр. 2026 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында елде 2,7 мың турист компаниясы жұмысын тоқтатқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52,3%-ға көп. Бұл туралы The Moscow Times хабарлап отыр.

Жабылу себебі

Сарапшылардың айтуынша, нарық жағдайына бірнеше фактор әсер еткен. Олардың қатарында Ресей азаматтарының саяхатқа жұмсайтын шығынын қысқартуы, елдегі жанармай тапшылығы және Украина дрон шабуылдары салдарынан әуежайлардың жиі жабылуы бар. Соның салдарынан турист компаниялар санының өсімі соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгейге – 0,84%-ға жеткен.

Турист агрегаторлар қауымдастығы директоры Александр Брагин Ресей азаматтарының қаржы үнемдеуге көшкенін негізгі себеп деп атады.

«Адамдар демалыстың арзанырақ түрін таңдап, сапар ұзақтығын қысқартып жатыр», – деді ол.

Ішкі туризмге сұраныс төмендеді

«Слетать.ру» мәліметінше, Мысырға турлардың орташа бағасы бір жылда небәрі 0,2%-ға, Түркияға 1,5%-ға, Таиландқа 2,5%-ға өскен. Ал Ресейдің өз ішіндегі бағыттармен қатар Вьетнам, БАӘ, Қытай және Абхазияға сапарлардың орташа құны 0,2%-дан 39,6%-ға дейін төмендеген.

Сапарларға сұраныс азайды

Travelata.ru сервисінің есебіне сәйкес, қаңтар-маусым аралығында Ресейдегі пакет турларға алдын ала тапсырыс саны бір жыл ішінде 31%-ға қысқарған. Ал «Слетать.ру» бұл көрсеткішті 22% деп бағалайды.

Сарапшылардың айтуынша, шетел бағыттарындағы жағдай да ішкі нарық шығынының орнын толтыра алмаған. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы әскери шиеленіс салдарынан Таяу Шығыс бағыттарындағы әуе қатынасына қойылған уақытша шектеу де әсер еткен.

Туроператорлар кейінге шегерілген немесе тоқтатылған сапарлар үшін клиенттерге миллиардтаған рубль қайтаруға мәжбүр болған. Кейін жанармай, электр энергиясы мен су тапшылығына байланысты Сочи мен аннексияланған Қырымға турлар да жаппай тоқтатылған.

Жанармай тапшылығының да әсері бар

Ресей туроператорлары қауымдастығы (АТОР) вице-президенті Сергей Ромашкиннің айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында ішкі туризмге сұраныс 3%-ға төмендеп, сапар саны 40,1 миллионға дейін азайған. Ал өткен жылдың осы кезеңінде, керісінше, 7% өсім тіркелген еді.

«Ведомости» басылымының Ресей Экономикалық даму министрлігіндегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, маусым айында ел ішіндегі бағыттарға алдын ала тапсырыс саны шамамен 4%-ға қысқарған. Ведомство мұны жанармай тапшылығы себеп болған қиындықтармен байланыстырған.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook