Қазақстанда отандық автокөлік өндірісін дамыту бағытында жұмыс жүріп жатыр. Осыған байланысты өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздің ұлттық автокөлік брендіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің айтуынша, жеке автомобиль брендін қалыптастыру – ел имижін арттырудың бір жолы.
Автокөлік өндірісімен айналысатын әр мемлекет өзінің жеке брендін құруға ұмтылады. Алайда бренді бар ел көп емес. Әлемде шамамен мұндай 15-20 мемлекет бар. Тіпті ірі елдердің кейбірі де жеке автокөлік брендін шығармаған. Қазір «Протон» бойынша нақты ақпарат жоқ, жоба әлі де пысықталып жатыр. «Бәйтерек» тарапынан келіссөздер жүреді, алайда әзірге нақты мәлімет жоқ, – дейді Нағаспаев.
Сонымен қатар автокөлік компанияларына жеке автокөлік брендін құру міндеттелген.
Министрлік бұл бастаманы толық қолдайды. Дегенмен бұл бір күнде шешілмейді. Ел имижін жақсарту мақсатында мұны бір күнде шеше алмаймыз. Әзірше нақты қандай бренд болатынын және негізге қандай модель алынатынын айта алмаймыз. Алда автобренд мәселесі де шешіледі, – деп сендірді министр.
