Басты бет / Жаңалықтар /
аэропорт, саяхат, чемодан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Саяхатқа шыққанда турагенттікке алданып қалмас үшін не істеу керек?

Дайын тур сатып алу — уақытты үнемдеп, ұшақ билеті, қонақүй, трансфер және басқа да қызметті бірден рәсімдеудің ыңғайлы тәсілі. Алайда туркомпанияны дұрыс таңдап, құжатын тексермесе, шығын артуы мүмкін. Кейінгі кезде алаяқтар жалған туркомпанияның атын жамылып, айласын асырып жүр.
Осыған орай, Baribar.kz тілшісі туризм және спорт министрлігінің ақпаратына сүйеніп, тур сатып аларда қажет болар кеңесті ұсынып отыр.

Турагенттік пен туроператордың айырмашылығы не?

Тур сатып алмас бұрын турагент пен туроператордың айырмашылығын түсінген маңызды. Туроператор сіз сатып алатын турды дайындайды: қонақүй, әуе билеті, трансфер және басқа қызметті біріктіріп, дайын тур ұсынады. Ал турагент саяхатшыға тур таңдап, рәсімдеуге көмектеседі және туроператор дайындаған турды сатады.

Сондықтан турагенттікке жүгінген кезде турды  қай туроператордан алғанын сұрап алыңыз. Компанияның заңды атауын, құжаты мен осы қызметпен айналысуға рұқсаты бар-жоғын тексеру керек.

Турагенттікті қалай тексеруге болады?

Ең алдымен туркомпанияның ресми түрде тіркелгеніне көз жеткізу қажет. Қазақстанда туроператорлар мен турагенттер туралы ақпаратты мемлекеттік электронды реестрлерден тексеруге болады.

Тур сатып аларда менеджерден лицензия сынды құжаттарды сұрап, мұқият оқып шығыңыз.

Компанияның әлеужелідегі парақшасын ғана қарап шығу жеткіліксіз. Оның нақты мекенжайы, байланыс нөмірлері, заңды атауы мен ресми реквизиттері бар-жоғын тексеру қажет. Сонымен қатар компания туралы пікірлерді бірнеше дереккөзден қарап шығу керек.

Туркод деген не?

Туркод — туроператор беретін бірегей нөмір. Бұл тур сатып алған адамға туроператор міндетін орындай алмаса, қаражатын қайтаруға көмектеседі.

Сондықтан тур сатып алғанда туркодтың бар-жоғын және ол қай уаққа дейін жарамды екенін нақтылаған жөн. Туркодтың болуы сатып алған турдың тиіс жүйеде тіркелгенін тексеруге мүмкіндік береді.

Тым арзан турдан сақ болыңыз

Кей компания туристерді қызықтыру үшін нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан тур ұсынады. Мұндай жағдайда бірден ақша аударуға асықпаған жөн.

Баға не себепті төмен екенін сұраңыз. Турға нақты қандай қызметтер кіретінін анықтаңыз: әуе билеті, қонақүй, тамақтану, трансфер, медсақтандыру және экскурсиялар бөлек төлене ме, жоқ па?

Кейде арзан болып көрінген турды төлер кезде қосымша қызметтер қосылып, бастапқы ұсыныстан әлдеқайда қымбат болуы мүмкін. Сондықтан бірнеше турагенттегі бірдей бағыт бойынша бағаны салыстырған дұрыс.

Қонақүйді өзіңіз де тексеріңіз

Турагенттік ұсынған қонақүй туралы ақпаратпен ғана шектелмей, оны өзіңіз де қарап шығыңыз. Қонақүйдің атауын, орналасқан жерін, туристердің кейінгі жазған пікірін және фотосуреттерін тексеріңіз. Барлық қажет ақпаратты интернеттен табуға болады, картадан қонақүйдің мекенжайын іздеп, турда көрсетілген дерекпен салыстырған абзал.

Ескеретін жайт мынадай: қонақүйдің атауы құжатта нақты көрсетілуі керек. «Немесе соған ұқсас қонақүй» деген жазба болса, абай болыңыз! Себебі туристің күткені мен нақты ұсынылған қонақүйдің арасында айырмашылық болуы мүмкін.

Сақтандыру жайлы

Аviasales.kz мәліметінше, шетелге шыққанда медицина сақтандыруы болғаны маңызды. Тур сатып алып жатқанда сақтандыру бар-жоғын ғана емес, оның нақты нені қамтитынын да сұраңыз.

Сақтандыру полисін алғаннан кейін оның шынайылығын сақтандыру компаниясы арқылы тексеруге болады. Полисте көрсетілген компанияның атауы мен байланыс дерегінің рас екеніне көз жеткізу қажет.

Барлық шартты жазбаша рәсімдеңіз

Турды ауызша келісіммен сатып алмаңыз. Төлем жасамас бұрын келісімшартты мұқият оқып шығыңыз.

Құжатта турдың толық құны, ұшу және қайту күні, қонақүй атауы, тамақтану түрі, трансфер, сақтандыру, туркод және басқа да қызметтер нақты көрсетілуі керек.

Сонымен қатар турды алып, шетелге шыға алмай қалсаңыз, ақша қайтару тәртібімен де танысып алыңыз. Шартта ақша қайтарылмайтыны жазылса, ертерек менеджерден сұрап алған абзал.

Ақшаны жеке картаға аударуға асықпаңыз

Алаяқтардан қорғанудың ең маңызды ережесінің бірі — төлем жасайтын реквизиттерді тексеру.

Компания сізден ақшаны қызметкердің жеке картасына немесе мүлде басқа адамның шотына аударуды сұраса, сақ болған жөн. Мүмкіндігінше төлемді компанияның ресми реквизиті арқылы жасаңыз және барлық түбіртекті сақтап қойыңыз.

Компанияның ресми атауы мен төлем қабылдайтын есепшот иесінің жеке дерегі сәйкес келуі керек.

Сауда манипуляциясына ермеңіз

Алаяқтар клиентті асықтырып, жалған ақпарат айтады. Мысалы, менеджер «тур бүгін ғана арзандап тұр», «қазір ақша аудармасаңыз, турды басқа адам алып қояды» деп қысым жасауы мүмкін.

Шын мәнінде, туристің келісімшартты оқып, компанияны тексеріп, ұсынысты салыстыруға құқығы бар. Сондықтан асығыс шешім қабылдамаңыз. Сенімді компания клиентке ақпаратты тексеруге мүмкіндік береді.

Турагенттікке қандай сұрақ қою керек?

Тур сатып алмас бұрын менеджерден мына сұрақтарға жауап алыңыз:

  • Турдың нақты туроператоры кім?
  • Компанияның заңды атауы мен реквизиттері қандай?
  • Турагенттік қызмет туралы хабарлама немесе қажет құжаттар бар ма?
  • Туркод беріле ме?
  • Турдың толық бағасына қандай қызметтер кіреді?
  • Қонақүйдің нақты атауы қандай?
  • Ұшу билеттері мен багаж құны тур бағасына кіре ме?
  • Медицина сақтандыруы бар ма және ол нені қамтиды?
  • Трансфер қарастырылған ба?
  • Турдан бас тартсам, ақшаны қайтару тәртібі қандай?
  • Қосымша төлемдер болуы мүмкін бе?
  • Төтенше жағдайда кімге хабарласамын?

Осы сұрақтарға нақты жауап ала алмасаңыз, ақша төлеуге асықпаған жөн.

***

Тағы оқыңыз:

Саяхатқа шыққанда жатын орнын қалай таңдау керек?

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram