Жамбыл облысында TikTok әлеуметтік желісі арқылы жиһаз сатамын деп алаяқтық жасаған әйелге сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала төлем алып, байланысын үзген
Сот мәліметінше, 2026 жылғы сәуірде әйел TikTok желісінде диван сату туралы хабарландыру жариялаған. Жәбірленуші акциядағы бағасы 60 мың теңге болатын диванға қызығушылық танытып, хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласқан.
Сатушы алдын ала төлем ретінде 25 мың теңгені басқа адамның есепшотына аударуды сұраған. Ақша түскеннен кейін жиһаз жеткізілмей, байланыс үзілген.
Екі жыл алты айға сотталды
Сотталушының кінәсі тараптар мен куәлардың айғақтарымен, банк түбіртектері және іс материалдарымен дәлелденді.
Сот оның бұған дейін де алаяқтық үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескеріп, қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен әйелге үкімдердің жиынтығы бойынша екі жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.
