Басты бет / Жаңалықтар /
Салық рақымшылығы
Фото: Kazakh-tv.kz

Қазақстанда мүлік салығын кімдер төлемейді және кімдерге жеңілдік беріледі?

Қазақстанда тұрғын үй, жер үй, гараж немесе саяжай иелері жыл сайын мүлік салығын төлейді. Биыл Қазақстан азаматтары 2025 жылға есептелген мүлік салығын 2026 жылдың 1 қазанына дейін төлеуі керек. Алайда кейбір азаматтар бұл салықтан толық босатылса, енді біреулеріне жеңілдік берілген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мүлік салығы қалай есептеледі?

Жеке тұлғалар салықты өздері есептемейді. Оны мемлекеттік кіріс органдары автоматты түрде шығарады.

Есептеу кезінде мынадай көрсеткіштер ескеріледі:

  • тұрғын үй немесе басқа нысан ауданы;
  • 1 шаршы метрдің базалық құны;
  • орналасқан өңірі;
  • ғимараттың тозу деңгейі;
  • аймақ коэффициенті;
  • нысан мақсаты;
  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК).

Бұл ретте салық нарық бағасымен емес, мемлекеттік бағалау құнымен есептеледі.

Кімдер мүлік салығын мүлде төлемейді?

Қазақстанда мына санаттағы азаматтар мүлік салығынан толық босатылады:

  • жетім балалар;
  • 18 жасқа дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • бала кезінен мүгедектігі бар адамның немесе мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі.

Мүлік салығына кімдерге жеңілдік беріледі?

Кейбір азаматтарға тұрғын үйдің белгілі бір құнына дейін салық салынбайды.

1 000 АЕК көлеміндегі жеңілдік

2025 жылға бұл 3 932 000 теңгені құрайды.

Мемлекеттік бағалау бойынша тұрғын үй құны осы сомадан аспаса, мүлік салығы төленбейді. Ал асып кеткен жағдайда тек артық бөлігіне ғана салық есептеледі.

Бұл жеңілдік мына азаматтарға беріледі:

  • Кеңес Одағының Батырларына;
  • Социалистік Еңбек Ерлеріне;
  • «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарының иегерлеріне;
  • Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық кавалерлеріне;
  • «Отан» орденімен марапатталған азаматтарға;
  • «Батыр ана» атағының иегерлеріне;
  • «Алтын алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы аналарға;
  • бөлек тұратын зейнеткерлерге беріледі.

Маңызды: Кейбір жалғыз тұратын зейнеткерлерге жеңілдік автоматты түрде қолданылмауы мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына жүгініп, қайта есептетуге болады.

1 500 АЕК көлеміндегі жеңілдік

2025 жылға бұл 5 898 000 теңге.

Осы шекке дейінгі мемлекеттік бағалау құнына салық салынбайды.

Жеңілдік келесі азаматтарға беріледі:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне;
  • жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген адамдарға;
  • басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне;
  • ҰОС жылдарында тылдағы еңбегі үшін КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған азаматтарға;
  • мүгедектігі бар адамдарға қолданылады.

Бұл жағдайда да салық белгіленген шектен асатын құнға ғана есептеледі.

Қандай мүлікке салық салынады?

Мүлік салығы мына нысандарға есептеледі:

  • пәтер;
  • жеке тұрғын үй;
  • жатақхана бөлмесі;
  • саяжай;
  • гараж және автотұрақ;
  • шаруашылық құрылыстары;
  • жер учаскесі.

Азаматтың жеке үйі болса, тұрғын үй мен жер салығы бір төлем ретінде есептеледі.

Мүлік салығын қалай төлеуге болады?

Мүлік салығын:

  • екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
  • eGov.kz порталы арқылы;
  • Мемлекеттік кірістер комитетінің электрон сервистері арқылы;
  • банк бөлімшелері мен «Қазпошта» арқылы төлеуге болады.

Қымбат жылжымайтын мүлікке салынатын салық қашан күшіне енеді?

2026 жылдан бастап Қазақстанда құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке жоғары мөлшерлеме енгізілді. Бірақ биыл бұл норма қолданылмайды.

Себебі 2026 жылы азаматтар 2025 жылға есептелген салықты төлейді.

Ал жаңа мөлшерлеме 2026 жылға есептелетін салыққа, яғни 2027 жылы қолданылады.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook