Қазақстан үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құжат аясында жасанды интеллект негізіндегі бірыңғай цифрлық мониториң платформасы іске қосылып, тәуекелі жоғары салалар толық цифрландырылады.
Жасанды интеллект заң бұзушылықтарды алдын ала анықтайды
Үкіметтің мәліметінше, жоспар мемлекет басшысының экономикалық үдерістердің ашықтығын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында әзірленген. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Жоспардың негізгі құралы – жасанды интеллектіні пайдаланатын бірыңғай цифрлық мониториң платформасы. Ол мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін жедел анықтауға және бюджетке залал келтірілмей тұрып заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Құжатта 53 іс-шара қарастырылған. Олар сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты тәуекелі жоғары салаларды цифрландыруға бағытталған.
Көлеңкелі экономиканың үлесін 13,8% дейін төмендету көзделіп отыр
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанда көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы ЖІӨ-нің 24%-ынан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7%-ға дейін төмендеген. Жаңа жоспар бойынша бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8%-ға дейін азайту көзделген.
Сонымен қатар Digital Bazaar платформасын дамыту, міндетті цифрлық таңбалауды кеңейту, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеу, әлеуметтік саладағы қызметтердің сапасын цифрлық бақылау және «Цифрлық теңге» жобасын кеңінен пайдалану жоспарланған.
Үкіметтің атап өтуінше, кешенді жоспар кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме жүктемейді. Негізгі басымдық цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға және заманауи аналитикалық құралдарды қолдануға беріледі.
