Тіл үйрететін Babbel платформасы әлемдегі ең әдемі сөзді анықтады. Жеңімпаз сөз – kaitiakitanga. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Аталған сөз Жаңа Зеландияның байырғы халқы – маори тілінен шыққан. Ол табиғатты қорғау, оған қамқорлық жасау және оны келер ұрпаққа аман жеткізу жауапкершілігін білдіреді.
Babbel сарапшылары әлемнің 75 тілінен жиналған 223 сөзді іріктеу үшін Reddit, TikTok және өзге де онлайн қауымдастықтардағы мыңдаған пікірді талдаған. Кейін халықаралық лингвистер, жазушылар мен мәдениет сарапшыларынан құралған қазылар алқасы сөздерді төрт критерий бойынша бағалаған:
- дыбысталуы;
- мағынасы;
- сиректігі;
- мәдени маңызы.
Babbel-дің тіл маманы Эстебан Тоума Портильяның айтуынша, kaitiakitanga сөзі климаттың өзгеруі бүкіл әлемге әсер етіп жатқан кезеңде ерекше мәнге ие.
«Бұл сөз табиғатқа қамқорлық жасап, бір-бірімізге жанашырлық таныту жауапкершілігін білдіреді», – деді ол.
Ал тіл маманы Марен Паули сөздің әдемілігі тек әуезді дыбысталуында емес екенін атап өтті.
«Шын мәнінде, ерекше сөз – дыбысталуы, мағынасы, мәдени контексі және өзектілігі бір арнаға тоғысқанда пайда болады. Әсіресе, басқа тілдерде дәл баламасы жоқ сөздер әлемді жаңа қырынан танытады», – деді сарапшы.
| 🌍 Сөз | 🗣️ Қай тілден шыққан? | 📖 Мағынасы |
|---|---|---|
| 🌿 Kaitiakitanga | 🇳🇿 Маори | Табиғатты қорғау және оған қамқорлық таныту жауапкершілігі |
| ✨ Aura | 🇬🇷 Грек | Адамның ерекше энергиясы мен болмысы |
| 🏡 Hiraeth | 🏴 Уэльс | Өзіңе қымбат, бірақ жету мүмкін емес мекенге сағыныш |
| 🌅 Ikigai | 🇯🇵 Жапон | Өмір мәні, адамды алға жетелейтін мақсат |
| 🕊️ Iriy | 🇺🇦 Украин | Аңыздағы құстар мен адамдар қыстайтын жылы мекен |
| 🏺 Kintsugi | 🇯🇵 Жапон | Сынған қыш ыдысты алтынмен жөндеу өнері |
| 💭 Luftmensch | ✡️ Идиш | Арманшыл, қиялдап өмір сүретін адам |
| 👀 Mamihlapinatapai | 🌎 Яган | Екі адамның алғаш қадам жасауға батпай, бір-біріне үнсіз қарауы |
| ❤️ Naz | 🇵🇰 Урду | Шексіз сүйіспеншіліктен туған мақтаныш сезімі |
| 🤲 Ojalá | 🇪🇸 Испан | Үміт пен тілекті білдіретін сөз |
| 🦌 Poronkusema | 🇫🇮 Фин | Бұғы тоқтамай жүріп өте алатын қашықтық өлшемі |
| 💙 Saudade | 🇵🇹 Португал | Жоқ адамға немесе өткенге сағыныш |
| 🤝 Ubuntu | 🌍 Зулу | Бірлік пен өзара сыйластыққа негізделген өмір философиясы |
| 🌙 Yakamoz | 🇹🇷 Түрік | Айдың су бетіндегі күміс сәулесі |
| 🍃 Zephyr | 🇬🇷 Грек | Самал жел |
