Басты бет / Жаңалықтар /
Энди Бернэм
Фото: Tochka.by

Ұлыбританияда билік ауысты: жаңа премьер алғашқы мәлімдемесін жасады

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Энди Бернэм ресми түрде қызметіне кірісті. Ол Букингем сарайында Король III Чарльзбен кездесіп, жаңа үкіметті құру туралы тапсырма алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

2016 жылдан бергі жетінші премьер-министр

Бернэм Кир Стармердің орнына келді. Осылайша ол 2016 жылдан бері Ұлыбританияны басқарған жетінші премьер-министр атанды.

Жаңа премьер-министр Даунинг-стриттегі алғашқы сөзінде билікті өңірлерге беруді, саясатта өзара ынтымақтастықты күшейтуді және халықтың әл-ауқатын жақсартуды басты міндеттердің бірі ретінде атады.

«Біз саясатты өзгертеміз. Оның басты мақсаты – ұпай жинау емес, нақты мәселелерді шешу. Биліктің бір бөлігін өңірлерге беріп, халыққа күнделікті қажет негізгі қызметтердің баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз», – деді Бернэм.

Ол баспанасыз жандардың көшеде түнеу мәселесін шешуге және 1980 жылдардан бері жүргізіліп келе жатқан жекешелендіру саясатын қайта қарауға уәде берді.

Энди Бернэм бірнеше аптаға созылған дайындықтан кейін Ұлыбританияның премьер-министрі қызметіне ресми тағайындалды. Король III Чарльз оны Букингем сарайында қабылдап, жаңа үкімет құруды тапсырды. Сарай бұл кездесудің фотосын жариялады.

ұлыбритания, чарлз
Фото: Censor.net

Стармер қызметінен неге кетті?

Кир Стармер билікте небәрі екі жыл отырды. Ол өткен айда отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Бұған үкімет жұмысына қатысты сынның күшеюі мен партияластар қолдауының әлсіреуі себеп болған.

Даунинг-стриттен қоштасар алдында Стармер өз үкіметінің халықаралық саясаттағы, әсіресе Украинаға қолдау көрсету бағытындағы жұмысына тоқталып, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, балалар арасындағы кедейлікті азайту және қорғаныс шығындарын арттыру сияқты бастамаларды атап өтті.

«Жұмысымды аяқтадым. Бұл елге премьер-министр ретінде қызмет ету – өмірімдегі ең үлкен мәртебе болды», – деді Кир Стармер.

Жалпыұлттық сайлау болмайды

Ұлыбританияның парламент жүйесіне сәйкес, биліктегі партия көшбасшысын ауыстырған жағдайда жалпыұлттық сайлау өткізілмейді. Сондықтан Энди Бернэм Лейбористер партиясының жаңа жетекшісі ретінде автоматты түрде премьер-министр қызметіне кірісті. Келесі парламент сайлауы 2029 жылға дейін өтуге тиіс, алайда үкімет басшысы қажет деп тапса, оны ертерек өткізе алады.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook