20 шілдеде Ресейдегі пайдаланушылар App Store қолданбалар дүкенінің жұмысына қатысты қиындықтарға шағымданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Сбой.рф» порталының мәліметінше, сервис жұмысына қатысты алғашқы шағымдар Мәскеу уақытымен сағат 12:00 шамасында түсе бастаған. Барлығы 300-ден астам шағым тіркелген. Пайдаланушылардың көбі App Store мүлде ашылмай тұрғанын айтса, кейбірі қосымшаларды жүктеу немесе жаңарту мүмкін болмай қалғанын мәлімдеді.
Алайда Ресейдің Роскомнадзор ведомствосы бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, App Store-ға кіру шектемегенін мәлімдеді.
«Роскомнадзор App Store-ға кіруді шектемейді», – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін, 25 маусымда, Apple компаниясы Ресейдің бірқатар қосымшасын App Store-дан алып тастаған болатын. Олардың қатарында VK Музыка, VK Мессенджер, VK Видео, Одноклассники, Дзен, Mail.ru поштасы және негізгі VK қолданбасы бар. Кейін Apple бұл шешімнің халықаралық санкцияларға байланысты қабылданғанын түсіндірді.
