Басты бет / Білім /
16d336d730c0c3e0e4459eb87bb123d6 11 мың грант бөлінген: магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды
Иллюстрация: Dribbble.com/©Misha Belanovich

11 мың грант бөлінген: магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды

Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу (КТ) басталды. Емтихан 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Биыл кешенді тестілеуге қатысуға 61 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп: 2025 жылы 51 мың өтініш тіркелген. Талапкерлердің көп таңдаған бағыттары – «Педагогика ғылымдары», «Инженер, өңдеу және құрылыс салалары»,«Бизнес, басқару және құқық».

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілерге арналған тестілеу электрон форматта өткізіледі. Ол үш бөлімнен тұрады:

  • шет тілі тесті;
  • оқу дайындығын тексеретін тест;
  • таңдаған мамандығы бойынша тест.

Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті өту балы – 75 балл. Оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқу дайындығын анықтауға арналған тесттен кемінде 7 балл және әр таңдаған пәннен кемінде 7 балл жинау қажет.

Ал бейінді магистратураға түсуді жоспарлаған талапкерлер тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырады. Бұл бағыт бойынша шекті балл – 30 балл, әр пәннен кемінде 7 балл алу міндетті.

Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда талапкерлер емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде онлайн-апелляция бере алады. Өтініш 7 жұмыс күні ішінде қаралады. Осыдан кейін сертификатты талапкердің жеке кабинетінен ала алады.

Биыл магистратураға 11 мыңға жуық білім гранты бөлінген. Гранттар еңбек нарығында сұранысы бар мамандықтарға үлестіріледі.

Грант конкурсына құжаттар 12–18 тамыз аралығында қабылданады. Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланып, жоғары оқу орындарына қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram