Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында республикалық маңызы бар автожол бойында құны 1 млрд теңге болатын сервистік қызмет көрсету кешені іске қосылды. Жаңа нысан Жымпиты ауылында орналасқан. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Республикалық жол бойында алғашқы метан станциясы ашылды
Облыс әкімдігінің мәліметінше, кешеннің құрамына автогаз толтыру компрессорлық станциясы, жол бойы қызмет көрсету пункті, дүкен, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер және жеңіл әрі жүк көліктеріне арналған автотұрақ кіреді.
Облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, бұл – өңірдегі республикалық маңызы бар автожол бойында ашылған алғашқы сығылған табиғи газ (метан) құю станциясы. Оның пікірінше, жоба экологиялық таза отынды пайдалануды арттырып, жасыл экономиканы дамытуға ықпал етеді.

Жобаға 1 млрд теңге инвестиция салынды
Инвестициялық жобаны «Алаш Метан» ЖШС жүзеге асырған. Станцияның жылдық өткізу қуаты 21 миллион текше метрге дейін сығылған табиғи газ. Жаңа кәсіпорында 14 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл Сырым ауданында негізгі капиталға 10 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір бұл жоспардың жартысы орындалған.
