19 шілде күні АҚШ-тың Нию Жерси штатындағы Метлайф алаңында әлем чемпионатының финалы өтті. Бастапқыда 48 команда қатысқан чемпионаттың ақтық мәресіне Испания мен Аргентина жолдама алды. Финал ойынында қос команда кубокқа таласып, Испания футболшылары 1:0 есебімен жеңіске жетті. Әлемдік доданың финалға дейінгі ойындары АҚШ-тан бөлек Канада мен Мексикада да өтті. Baribar.kz биылғы әлем чемпионатында есте қалған сәттер мен оқиғалар топтамасын ұсынып отыр.
Финалдағы гол
Финалда Испания құрамасы Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 106-минутта Ферран Торрес салды. Нәтижесінде Испания 2010 жылғы жетістігін қайталап, футбол тарихында екінші рет әлем чемпионы болды. Ал әлем чемпионатының қола жүлдесін Англия құрамасы иеленді.
Турнирдің бас жаңалығы
Әлем чемпионатында ең ерекше команда Кабо-Верде құрамасы болды. Алғаш рет әлемдік додаға қатысса да, команда 1/8 финалға дейін жетіп, топтық кезеңде Испаниямен 0:0 есебінде тең түсті. Сонымен қатар әлем чемпионатында дебют жасаған команда қатарында Өзбекстан, Иордания мен Кюрасао құрамасы бар.
Норвегия 1998 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионатына қатысып, ширек финалға дейін жетті. Бұл – ел тарихындағы ең үздік нәтиже.
Сонымен қатар Мысыр құрамасы алғаш рет плей-офф кезеңіне шығып, 1/8 финалда Аргентинадан 2:3 есебімен жеңіліп қалды.
Аргентина құрамасына қатысты дау
Аргентина құрамасының плей-оффтағы бірнеше ойыны желіде қызу талқыға түсті. Әсіресе, Мысырға қарсы 1/8 финалдан кейін қарсы тарап есептелмеген гол мен берілмеген пеналтиге наразылық білдірсе, Швейцарияға қарсы ширек финалда Брел Емболоның симуляция жасағаны үшін алаңнан қуылуы үлкен дауға ұласты.
Ал Испаниямен өткен финалда Николас Таляфиконың Ламин Ямалға қарсы әрекеті үшін сары қағаз алмауы әлеужеліде #VARgentina хештегімен жазбаларды көбейтті. Дегенмен FIFA төрешілер комитеті барлық шешім ойын ережесі бойынша қабылданғанын мәлімдеді.

Алаңдағы жаңа ереже
2026 жылғы әлем чемпионатында FIFA уақытқа байланысты бірнеше жаңа ереже енгізді.
Негізгі өзгерістер:
- аут пен қақпадан ойынды тез бастау міндеттелді;
- ойыншы эпизодты 5 секундтан артық созса, доп қарсыласқа берілді;
- ауысатын футболшы 10 секунд ішінде алаңнан шығуға тиіс болды;
- ойыншыларға әр таймның ортасында шөлбасар ретінде үш минут үзіліс берілді.
Сонымен қатар VAR жүйесі жаңарды. Турнирде алғаш рет екінші сары қағаздың күшін жою және қате белгіленген бұрыштама соққыны қайта қарау тәртібі енді.
Әлем чемпионатындағы рекордтар
Биылғы турнир кезінде бірқатар тарихи жетістік тіркелді. Ойынға алғаш рет 32 команданың орнына 48 команда қатысып, чемпионат бес жарым аптаға созылды. Үш елде өткен кездесуде барлығы 104 матч өтті. Ал барлық матч есебін қосқанда ойыншылар 308 гол салды.
Әлем чемпионатындағы жасы үлкен хет-трик авторы Лионел Месси болды. Ол қатарынан сегіз матчта гол салып, «гол + пас» жүйесі бойынша 33 ұпай жинады.
Финалда Месси 19 жастағы Ламин Ямалға қарсы ойнап, олардың 20 жас айырмашылығы әлем чемпионаты финалындағы рекорд болды.
Әлем чемпионатындағы өзге де рекордтар:
- Дик Адвокат (78 жас) – әлем чемпионаты тарихындағы ең үлкен бас бапкер;
- Лука Модрич (40 жас) – жасы ең үлкен нәтижелі пас беруші;
- Криштиану Роналду мен Лионел Месси – алты әлем чемпионатына қатысқан алғашқы футболшы;
- Роналду – алты чемпионатта да гол салған алғашқы ойыншы;
- Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарындағы салған гол саны бойынша рекорд орнатып, 22 голмен Мессиді (21 гол) басып озды.
Келесі Әлем чемпионатына қатыса алмайтын футболшылар
Футбол жанкүйері биылғы маусымда бірнеше ойыншының соңғы ойынын тамашалады. Олардың қатарында Португалия құрамасының футболшысы Криштиану Роналду бар. Ол чемпионат кезінде 17 соққы жасап, 3 гол салғанымен, нәтижелі пас бере алмады. Бұл оның жеке антирекордына айналды. 41 жастағы шабуылшы әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Ал командадағы серігі Бруну Фернандеш Роналдудың еңбегін жоғары бағалап, тәжірибесі кейінгі буынға үлгі болатынын айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Биылғы әлем чемпионаты Лионел Месси үшін де соңғы болуы мүмкін. Аргентина құрамасының 39 жастағы шабуылшысы алтыншы рет әлем чемпионатына қатысып, барлығы 34 матч өткізді. Құраманың бас бапкері Лионел Скалони финалдан кейін көзіне жас алып, Мессиді «тарихтағы үздік футболшы» деп атады. Жартылай қорғаушы Родриго Де Паул да Мессидің алаңдағы ойынын жоғары бағалап, көңіл-күйі командаға оң әсер еткенін айтты.
Неймар үшін де бұл соңғы әлем чемпионаты болды. 34 жастағы Бразилия құрамасының шабуылшысы жарақатынан турнирдің басын өткізіп алды. Сондықтан тек екі матчқа қатысып, бір гол салды.
Турнирдің үздік ойыншысы кімдер?
Биыл әлем чемпионатының үздік сұрмергені Килиан Мбаппе болды. Ол 10 матчта 10 гол салып, әлемдегі ең үздік шабуылшының бірі екенін дәлелдеді.

Үздік бес сұрмерген:
- Килиан Мбаппе – 10 гол;
- Лионел Месси – 8 гол;
- Ерлиң Холанд – 7 гол;
- Жуд Беллингем – 7 гол;
- Усман Дембеле – 6 гол.
Пас беруден Франция құрамасының жартылай қорғаушысы Майкл Олисе көш бастады. Ол 7 нәтижелі пас беріп, Пеленің әлем чемпионатындағы 6 ассист рекордын жаңартты.
Төрт нәтижелі пас берген ойыншылар:
- Бруно Гимарайнс (Бразилия);
- Мартин Едегор (Норвегия);
- Браим Диас (Марокко);
- Лионел Месси (Аргентина).
Жеке марапатқа ие болған ойыншылар
Турнирдің ең үздік ойыншысы атағы – «Алтын доп» Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родриге бұйырды. Ол турнир бойы жақсы ойын көрсетіп, командасының жеңіске жетуіне атсалысты. Ал «Алтын бутсы» Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппеге табысталды.
Турнирдің үздік қақпашысы атанған Испания құрамасының ойыншысы Унаи Симон «Алтын қолғап» жүлдесін алса, үздік жас футболшы марапаты Испания құрамасының қорғаушысы Пау Кубарсиге берілді.
Желі жұлдызына айналғандар
Биылғы әлем чемпионатында желі жұлдызына айналғандар көп. Жанкүйерлер тек матчтарды емес, турнир кезіндегі ерекше оқиға мен есте қалған жандарды талқылап жатыр.
Ерлиң Холанд. Турнир кезінде Норвегия құрамасының шабуылшысы әлеужеліде жұлдызға айналды. Қазір оның парақшасында 72,6 миллионнан аса оқырманы бар. Желі қолданушыларын футболшының ойыны, қымбат сөмкеге әуестігі мен әзілқой болғаны қызықтырған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Кейн Ямал. Ламин Ямалдың інісі трибунадағы әсерлі эмоциясымен көпшіліктің назарын аударып, әлеужелінің жұлдызына айналды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Возиня. Кабо-Верде құрамасының плей-оффқа шығуынан кейін 40 жастағы қақпашы желі жұлдызына айналды. Оның Instagram парақшасындағы оқырман саны 30 миллионға жетті.
***
Тағы оқыңыз:
