Басты бет / Жаңалықтар /
адам тоңазытқышы
Фото: Soranews24.com

«Адам тоңазытқышы»: Жапонияда аптап ыстықтан қорғайтын ерекше кабина пайда болды

Жапонияда аптап ыстықпен күресуге арналған ерекше құрылғы – Do Hiemon Box салқындату кабинасы таныстырылды. Оны әзірлеушілер «адам тоңазытқышы» деп атайды, себебі құрылғы адамның дене қызуын небәрі 10 минут ішінде төмендетуге көмектеседі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құрылғы туралы

Құрылғыны Жапоняның SDRS компаниясы жасап шығарған. Сыртқы пішіні дәстүрлі сауда автоматтарына (вендинг машиналарына) ұқсайды.

Кабина ішіндегі ауа температурасы шамамен 15°C. Пайдаланушы орындыққа отырғаннан кейін жүйе бас, мойын, иық және арқа тұсына шамамен 5°C болатын салқын ауаны бағыттайды.

Өндірушінің мәліметінше, әсері 5 минуттан кейін сезіледі. Ал 10 минут ішінде дене температурасы төмендеп, ыстық әсері азаяды.

Кімдерге арналған?

Do Hiemon Box ең алдымен ыстықта жұмыс істейтін адамдарға арналған. Олардың қатарында:

  • құрылысшылар;
  • зауыт жұмысшылары;
  • қойма қызметкерлері;
  • ашық алаңдағы іс-шараларда жұмыс істейтін мамандар бар.

Құрылғыда салқындатудың үш режимі бар. Ол адам тоңып қалмау үшін 20 минуттан кейін автоматты түрде өшеді. Құрылғы кәдімгі жылжымалы кондиционерге қарағанда шамамен екі есе аз электр энергиясын тұтынады және оны арнайы орнатудың қажеті жоқ.

Бағасы қанша?

Do Hiemon Box Жапонияда ресми дистрибьюторлар арқылы сатылымға шықты. Базалық нұсқасының бағасы 1,5 миллион иен (шамамен 5,2 млн теңге).

Құрылғы әзірге компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарға арналған. Дегенмен Жапонияда жазғы аптап ыстықтың жиілеуіне байланысты мұндай салқындату кабиналары алдағы уақытта қала инфрақұрылымының бір бөлігіне айналуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram