Басты бет / Жаңалықтар /
автотасымалы
Фото: Gov.kz

Қазақстан мен Грузия e-Permit жүйесіне көшеді: халықаралық автотасымалы қалай өзгереді?

Қазақстан мен Грузия халықаралық автомобиль тасымалына арналған рұқсат құжаттарын электрон форматта рәсімдеуге көшеді. Тараптар 2026 жылғы 22 шілдеден бастап e-Permit жүйесі арқылы рұқсаттарды сынақ режимінде электрон түрде беру және алмасу туралы келісімге келді.

Бұл шешім Астанада өткен Халықаралық автомобиль қатынасы мәселелері жөніндегі Қазақстан–Грузия аралас комиссиясының кезекті отырысында қабылданды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, электрон құжат айналымына көшу әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, халықаралық жүк тасымалын рәсімдеу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Тасымалдау процесін ашық әрі тиімді етеді және рұқсат құжаттарын алу тәртібін жеңілдетеді.

Тараптар электрон жүйе толық іске қосылғаннан кейін рұқсат құжаттарына қойылатын квотаны алып тастау мүмкіндігін де қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы екіжақты және транзит жүк тасымалының көлемі тұрақты өсіп келе жатқаны атап өтілді. Екі ел халықаралық көлік дәліздерін дамыту бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін де жеткізді.

Тасымалдаушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін 2026 жылға қосымша 6 мың рұқсат бланкісімен алмасу туралы шешім қабылданды.

2027 жылға арналған алдын ала квота көлемі 20 500 рұқсат болып келісілді. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 6 мыңға артық. Министрлік бұл шешім халықаралық автотасымалға сұранысты өтеуге және Қазақстан мен Грузия арасындағы сауда-экономика байланысын одан әрі дамытуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

Кездесу қорытындысында тараптар халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және көлік саласындағы серіктестікті кеңейтуге уағдаласты.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram