Басты бет / Жаңалықтар /
онлайн-казино
Фото: Depositphotos.com

Грузияда отырып басқарған: 7,5 млрд теңге айналымы бар онлайн-казино әшкереленді

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан аумағында жұмыс істеген Nomad Poker онлайн-казиносының заңсыз қызметін тоқтатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тергеу мәліметінше, платформаны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан басқарған.

Онлайн-казиноға 20 мыңнан астам адам тіркелген

ҚМА мәліметінше, Nomad Poker онлайн-казиносы Club GG Poker мобайл платформасының негізінде жұмыс істеген. Ұйымдастырушылар өздерінің жеке басын жасыру үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк шоттары мен байланыс құралдарын пайдаланған.

Заңсыз ойын платформасы тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн-покер ойнап, ақша тігуге және ұтысты қолма-қол ақшаға айналдыруға мүмкіндік берген. Жаңа ойыншыларды тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі жарнамалық құралдар қолданылған.

Тергеу барысында аталған онлайн-казиноға 20 мыңнан астам пайдаланушының тартылғаны анықталды.

7,5 млрд теңге айналымы анықталды

Агенттік мәліметінше, ұйымдастырушылар ақша аударымдарын жүргізу үшін үшінші тұлғалардың, яғни «дропперлердің» банк шоттарын пайдаланған. Осы мақсатта Қазақстанға шетел азаматтары ұйымдасқан түрде әкелініп, олардың атына 400 АҚШ долларына дейінгі сыйақыға банк карталары мен мобильді банкинг рәсімделген.

Тергеу кезінде онлайн-казино жұмысына 60-тан астам дроп-шоттың пайдаланылғаны белгілі болды. Ойыншылардан түскен қаражаттың жалпы көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан.

Сот санкциясымен Алматыдағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің банк шоттарындағы 158 млн теңге көлеміндегі қаражатқа тыйым салынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok