Басты бет / Жаңалықтар /
көлік, бала
Фото: Жасанды интеллект

Көлік іші 15 минутта 60 градусқа дейін қызып кетеді: ТЖМ ескерту жариялады

Жаздың аптабында жабық автокөлік салоны бірнеше минуттың ішінде адам өміріне қауіпті деңгейге дейін қызып кетуі мүмкін. Осыған орай, төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналар мен жүргізушілерге қауіпсіздік ережелерін еске салды.

ТЖМ мәліметінше, күннің ыстығында жабық көлік ішіндегі ауа температурасы өте жылдам көтеріледі. Бұл, әсіресе балаларға өте қауіпті, өйткені олардың ағзасы ересектерге қарағанда қызып кетуге бейім.

Осыған байланысты министрлік мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады:

  • балаларды көлікте қараусыз қалдырмау, тіпті бірнеше минутқа болса да;
  • көліктен түсерде баланың өзіңізбен бірге шыққанын байқау;
  • көлік есіктерін әрдайым құлыптап, кілтті балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау;
  • терезені аздап ашып қою көлік ішіндегі температураны айтарлықтай төмендетпейтінін естен шығармау;
  • көлік ішінде жалғыз қалған баланы байқасаңыз, бірден 112 нөміріне хабарласып немесе оның қауіпсіздігі үшін шұғыл әрекет ету.

Министрлік сырттағы ауа температурасы 30–35°C болған жағдайда автокөлік салонының температурасы небәрі 10–15 минуттың ішінде 50–60°C-қа дейін жетуі мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдайда баланың денесі қатты қызып, өміріне қауіп төнуі ықтимал.

ТЖМ ата-аналарды сақ болуға шақырып, балаларды көлікте бірнеше минутқа болса да қараусыз қалдырмауға кеңес берді. Балалар қауіпсіздігі – әрбір ересек адамның ортақ жауапкершілігі екенін министрлік тағы бір мәрте еске салды.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok