Атырау – Ақтөбе бағытындағы №691/692 жолаушылар пойызында ер адам қайтыс болды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жолаушының билетсіз жүргені анықталды
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 13 шілдеде Қандыағаш – Ақтөбе теміржол учаскесінде болған. Кейін қайтыс болған ер адамның пойызда билетсіз жүргені белгілі болған.
Құқық қорғау органдары оның нақты неден қайтыс болғанын анықтап жатыр.
Алдын ала диагноз – екі жақты пневмония
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жолаушының кенеттен қайтыс болуына байланысты Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғаған.
Алдын ала қойылған диагноз – екі жақты пневмония. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ведомство ҚР қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
