«Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Отыншиев Елжас Мұратұлы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа басшы туралы не білеміз?
Елжас Отыншиев Мәскеу физика-техникалық институтында «Жалпы және қолданбалы физика» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураны тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеудегі кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің кеңесшісі ретінде бастаған.
2009–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында түрлі қызметтер атқарды. Кейін, 2021–2023 жылдары KIDF ұйымында инвестициялық портфельді басқару бағытына жетекшілік етті.
2023 жылдың сәуірінен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда мұнай-газ, теміржол, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салалардағы портфельдік компанияларды басқаруға жауапты болды.
2024 жылдың ақпанынан бері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болды.
2023 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
Бұған дейін ҚТЖ-ны кім басқарды?
Еске салайық, 8 шілдеде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтің қызметінен кеткені белгілі болған еді.
Одан кейін компания басшысының міндетін уақытша Бауыржан Ұрынбасаров атқарды.
Енді ұлттық теміржол компаниясын ресми түрде Елжас Отыншиев басқарады.
