Қазақстанда бидай импортына уақытша шектеу енгізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғам талқысына ұсынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тыйым туралы
Жобаға сәйкес, Қазақстан аумағына автомобиль, су және теміржол көлігімен бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу ұсынылып отыр. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден де, үшінші мемлекеттерден де әкелінетін бидайға қатысты.
Алайда бұл тыйымның бірнеше ерекшелігі бар.
Теміржол арқылы құс фабрикаларына, ұн тарту кәсіпорындарына, лицензиясы бар элеваторларға және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның мекенжайына жеткізілетін бидайға шектеу қойылмайды.
Мұндай кәсіпорындарға жеткізілген бидайды Қазақстанның ішкі немесе сыртқы нарығында қайта сатуға болмайды.
Бұдан бөлек, Қазақстан аумағы арқылы өтетін теміржол транзиті мен ЕАЭО елдері арасындағы транзиттік тасымалдарға да тыйым жүрмейді.
Неліктен тыйым енгізілмек?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, құжаттың негізгі мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау және Қазақстан бидайының тұрақты өткізілуін қамтамасыз ету.
Бұл ұн мен нан бағасына әсер ете ме?
Құжатта ұн немесе нан бағасының қымбаттайтыны туралы айтылмаған.
Министрлік бұйрық қабылданған жағдайда оның теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдары болмайды деп есептейді.
Құс шаруашылығы мен ұн тарту кәсіпорындары үшін теміржол арқылы бидай әкелуге де рұқсат сақталған. Бұл өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Құжат қабылданған жағдайда тыйым алты ай мерзімге енгізіледі.
