Оңтүстік Кореяда басы бос жастар өмірлік серігін табу үшін будда ғибадатханаларында өтетін арнайы демалыс бағдарламасына қатыса бастады. Елдегі туу көрсеткішінің төмендеуі аясында ұйымдастырылған бұл жобаға қызығушылық жылдан-жылға артып келеді.
Reuters мәліметінше, екі күнге созылатын танысу бағдарламасы Оңтүстік Кореяның солтүстік-шығысындағы Янъян уезінде орналасқан, VII ғасырда негізі қаланған Наксанса будда ғибадатханасында өтеді.
Бағдарлама барысында қатысушылар бірлесіп, түрлі іс-шараларға қатысады. Соның бірі – бір-біріне деген сенімді нығайтуға арналған жаттығу. Онда жұптардың бірінің көзі байланып, екіншісі жол көрсетіп жүреді. Бұл рәсім жастардың бір-біріне сенім артуына көмектеседі деп есептеледі.
Жобаны Korean Buddhist Foundation for Social Welfare ұйымы 2023 жылы іске қосқан. Мақсаты – әлемдегі туу көрсеткіші төмен елдердің бірі саналатын Оңтүстік Кореяда жастардың отбасылы болуына ықпал ету.
Биыл бағдарламаға қызыққандар үлесі ең жоғары деңгейге жеткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бар болғаны 20 орынға 4 225 адам өтініш берген.
30 жастағы қатысушы Чхве Е Ри Reuters агенттігіне бұл бағдарламаға іріктеуден өткендіктен, мұнда ниеті түзу жігіттер болады деп ойлағанын айтты.
«Қазір көп адам некеге тұру азайып, адамдар үйленгісі келмейді дейді. Бірақ менің айналамдағы адамдардың бәрі дерлік үйленіп жатыр, бәрінің де жұбы бар. Бұл бағдарламаға іріктеуден өткен адамдар келеді деп ойлап, қатысуға шешім қабылдадым», – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама жастарды таныстырумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – қоғамның назарын туу көрсеткішінің төмендеуі мәселесіне аударып, оны шешудің жолдарын бірге ойластыру.
Korean Buddhist Foundation for Social Welfare ұйымының жетекшісі Дорюн монахтың сөзінше, мұндай кездесулер адамдарды елдегі демографиялық ахуал туралы ойлануға және оның шешу жолдарын іздеуге ынталандырады.
Оңтүстік Корея үкіметінің болжамынша, қазіргі 51,8 миллион халық саны 2072 жылға қарай шамамен үштен бірге қысқаруы мүмкін. Дегенмен соңғы екі жылда туу көрсеткіші біртіндеп өсіп келеді.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы елдегі жалпы туу коэффициенті 0,80 болған. Бұл 2024 жылғы 0,75 көрсеткіштен жоғары. Алайда бұл деңгей халық санының табиғи өсуіне әлі де жеткіліксіз.
Көрмеу танысудан айырмашылығы, будда ғибадатханасындағы бағдарлама екі күнге созылады. Қатысушылар жеребе арқылы жұбын тауып, бірге шай ішеді, орманда серуендейді, жағажайда йогамен айналысады және жеке кездесулерге барады.
Бағдарламаға қатысқан Ким До Ён мұндай ортада адамдарды жақынырақ тануға мүмкіндік мол екенін айтады.
«Ғибадатханадағы танысу мен үшін мүлде жаңа тәжірибе болды. Осындай тыныш ортада адамды әлдеқайда тереңірек тануға болады», – дейді ол.
