Жетісу облысы Алакөл жағалауындағы Көктұма ауылында кері қозғалған паром әйелді басып кетті. Ауыр жарақат алған әйелдің өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болды.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен әйел ауруханаға аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған көптеген жарақат, көп қан жоғалту және травмалық шок диагнозын қойған.
Шұғыл дәрігерлік консилиумнан кейін науқастың өмірін сақтау мақсатында жедел ота жасалып, екі аяғы сан тұсынан кесілген.
Оқиғаға байланысты Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция су көлігін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға және жағалау маңында барынша сақ болуға шақырды.
