Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испания мен Аргентина құрамалары кездеседі. Шешуші матч 19 шілдеде Нью-Йорк – Нью-Джерси стадионында өтеді. Ал Қазақстан уақыты бойынша матч жексенбіден дүйсенбіге, яғни 19-нан 20-сына қараған түні болады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әлем чемпионаты барысында екі команда да АҚШ-тың Атланта қаласындағы стадионда екі ойыннан өткізді. Аргентина жартылай финалда Англияны жеңіп, қатарынан екінші рет әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Матчта Энцо Фернандес гол соқса, Лионель Месси Лаутаро Мартинестің жеңіс добына нәтижелі пас шығарды.
Испания да финалға дейін сенімді жетті. Дегенмен команда турнирді сәтсіздеу бастады: топтық кезеңдегі алғашқы матчында Кабо-Вердемен 0:0 есебімен тең ойнады. Кейін испандар Сауд Арабиясын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, плей-офф кезеңінде қарсыластарына мүмкіндік бермеді.
Турнирдің ең есте қалған кездесулерінің бірі Аргентина мен Мысыр арасында өтті. 1/8 финалда аргентиналықтар матч аяқталуға 11 минут қалғанда екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан. Алайда Лионель Месси 83-минутта есепті қысқартып, артынша таразы басын теңестірді. Ал Энцо Фернандес қосымша уақытта жеңіс голын соғып, командасын ширек финалға шығарды. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы 3000-гол ретінде тіркелді.
Атланта стадионында жалпы сегіз матч өтті. Мұнда Испания, Аргентина, Англия, Марокко, Конго Демократиялық Республикасы, Гаити, Өзбекстан, Кабо-Верде және басқа да құрамалар өнер көрсетті. Турнир барысында стадионға 500 мыңнан астам жанкүйер келген.
Атланта қаласының мэрі Андре Диккенстің айтуынша, әлем чемпионаты қалаға ұзақ мерзімді серпін беріп, инвестиция мен туризмнің дамуына ықпал етеді.
«1996 жылғы Олимпиада Атлантаға қалай серпін берген болса, әлем чемпионаты да сондай әсер етеді. Бұл турнирге келген адамдар Атлантаны ұзақ жылдар бойы еске алады», – деді ол.
Енді әлем чемпионының тағдыры Испания мен Аргентина арасындағы финалда шешіледі. Аргентина қатарынан екінші рет чемпион атануға ұмылса, Испания 2010 жылдан кейін әлем кубогын қайта жеңіп алуды көздейді.
