Қазақстанда атқарушылық іс жүргізу жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заң күшіне енді. Құжат қарызды өндіріп алу рәсімін жеңілдетіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді және жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет вице-министрі Даниель Ваисов мәлімдеді.
173 мың теңгеге дейінгі қарыз автоматты түрде өндіріліп алынады
Заңдағы негізгі өзгерістердің бірі – автоматты түрде өндіріп алынатын берешектің шекті мөлшерінің өсуі. Бұған дейін мұндай тәртіп 20 АЕК-ке дейінгі қарыздарға қолданылса, енді шек 40 АЕК-ке дейін көтерілді. 2026 жылғы мөлшер бойынша бұл 173 мың теңгеге жуық.
Даниель Ваисовтың айтуынша, бұрын енгізілген автоматты өндіріп алу тетігі өз тиімділігін дәлелдеген.
«20 АЕК-ке дейінгі берешекті автоматты түрде өндіріп алу тәртібі жақсы нәтиже берді. Соның нәтижесінде Қазақстан азаматтары 4 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеді. Енді бұл шек 40 АЕК-ке дейін көтерілді», – деді вице-министр Даниель Ваисов.
Борышкерлерге алдын ала ескерту жасалады
Жаңа заңға сәйкес, сот орындаушылары тұрғынды үйінен шығару алдында борышкерге кемінде 10 күн бұрын хабарлауға міндетті.
Атқару құжатын орындауға белгіленген мерзім өтіп кеткен жағдайда, борышкерге қойылған барлық шектеу автоматты түрде алынады.
Арестті алып тастау рәсімі жеңілдейді
Енді атқарушылық іс жүргізуді аяқтаған сот орындаушысы бұған дейін басқа сот орындаушысы салған тыйымдар мен шектеулерді де өз бетінше алып тастай алады.
Министрлік бұл өзгеріс азаматтардың мүлкіне қойылған шектеулерді жою мерзімін қысқартады деп есептейді.
Алимент пен әлеуметтік төлемдерге қосымша кепілдік беріледі
Жаңа заң алимент алушылардың құқықтарын қорғауды да күшейтеді.
Енді алимент тек банктің арнайы шотына аударылады. Мұндай шоттарға тыйым салуға немесе оларды бұғаттауға болмайды.
Мүгедектігі бар адамдарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардан және Әлеуметтік кодексте көзделген өзге әлеуметтік төлемдерден ұстап қалу мөлшері төлемнің 25%-ынан аспайды.
«Алимент банктің арнайы шотына аударылады. Мұндай шотқа тыйым салынбайды. Мүгедектігі бар адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерден өндіріп алу көлемі 25 пайыздан аспайды», – деді Даниель Ваисов.
Жеке сот орындаушыларына қойылатын талап күшейеді
Заңға сәйкес, жеке сот орындаушылары міндетті аттестаттаудан өтеді. Олар аттестаттаудан қайта өте алмаса, лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Әділет министрлігінің олардың қызметін бақылау өкілеттігі кеңейеді. Тексеру кезінде банктен үзінді көшірмелерді сұратуға мүмкіндік беріледі.
Бұдан бөлек, сот орындаушыларының әрекетіне қатысты шағымдар алдымен сотқа дейінгі тәртіппен қаралады. Заңды тұлға басшысының жүрген жері белгісіз болса, оны іздеуге жариялау мүмкіндігі де енгізілді.
Қорытындылай келе, Даниель Ваисов қабылданған түзетулердің негізгі мақсаты атқарушылық іс жүргізу тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру екенін айтты.
