Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін жеке табыс салығына (ЖТС) прогрессивті мөлшерлеме енгізіледі. Алайда үкіметтің мәліметінше, салықтың жоғары мөлшерлемесі тек табысы өте жоғары азаматтарға ғана қолданылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
15% салық кімдерге салынады?
Үкіметтің түсіндіруінше, 15% жеке табыс салығы жылдық табыстың 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын бөлігіне ғана салынады.
Қазіргі есеп бойынша бұл шамамен 36,7 миллион теңге жылдық табысқа тең.
Яғни, аталған шектен төмен табыс бұрынғыдай қолданыстағы мөлшерлеме бойынша салық салынады. Сондықтан өзгеріс Қазақстан азаматтарының басым бөлігіне әсер етпейді.
Зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылады.
Көлік салығы азаяды
Салық реформасы аясында жеңіл автокөлік иелеріне де жеңілдік қарастырылған.
- 10 жылдан асқан көліктерге – көлік салығы 30%-ға төмендейді;
- 20 жылдан асқан көліктерге – 50%-ға азаяды.
І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік салық шегерімінің көлемі 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салық жүйесі жеңілдетіледі
Үкімет салық жүйесін оңайлатуды жоспарлап отыр.
Реформа аясында:
- салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады;
- салық есептілігінің түрлері 30%-ға азаяды.
Билік бұл өзгерістер салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені жеңілдетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Бюджет кірісі артқан
Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында мемлекеттік бюджет кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16%-ға өскен.
Өсімге қосылған құн салығынан (ҚҚС) түскен түсімдердің айтарлықтай артуы әсер еткен. Бұл көрсеткіш шамамен 1,5 есеге көбейген.
Тағы қандай өзгерістер бар?
Жаңа Салық кодексіне сәйкес:
- корпоративтік табыс салығының (КТС) базалық мөлшерлемесі 20% деңгейінде сақталады;
- банктерге КТС 25%-ға дейін ұлғайтылады;
- ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 3% жеңілдетілген мөлшерлеме қолданылады;
- ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16% болады;
- дәрі-дәрмекке, оқу әдебиеттері мен баспа өнімдеріне төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі енгізіледі;
- ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК болып белгіленеді.
