Көп адам тамақты пластик ыдысқа салып, микротолқынды пешке қыздырады. Алайда мұндай ыдыстың бәрі оған жарай бермейді. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) микротолқынды пеште тек арнайы белгісі бар пластик ыдысты қолдануға кеңес береді.
Кез келген пластик жарамайды
FDA мәліметінше, микротолқындар әйнек, қағаз, керамика және кейбір пластик түрлері арқылы өте алады. Бірақ пластиктің барлығы жоғары температураға төзімді емес. Кейбір ыдыстар тағам қатты қызғанда еріп, пішінін өзгертуі немесе жарамсыз болып қалуы мүмкін.
Сондықтан микротолқынды пешке қояр алдында ыдыста «микротолқынды пешке жарамды»(«microwave-safe») деген белгі бар-жоғын тексеру қажет.
Металл ыдысты неге қолдануға болмайды?
Мамандар металл ыдыстар мен алюминий фольганы микротолқынды пешке салмауға кеңес береді. Себебі металл микротолқындарды шағылыстырады. Соның салдарынан тағам біркелкі ысымайды, ал кей жағдайда пештің өзіне зақым келуі мүмкін.
Микротолқынды пеш тағамға «радиация» бере ме?
Бұл – ең көп тараған қате түсінік. FDA микротолқынды пеш тағамға радиация бөлмейтінін айтады.
Микротолқындар тағамдағы су молекулаларын қозғап, жылу бөледі. Соның әсерінен тағам қызады. Ал микротолқындар тағамды қыздырғаннан кейін олардың энергиясы толықтай жылуға айналады. Сол себепті тағамда ешқандай микротолқын қалмайды.
Микротолқынды пеш қауіпсіз бе?
FDA-ның мәліметінше, қауіпсіздік талаптарына сай шығарылған және дұрыс пайдаланылатын микротолқынды пештер адам денсаулығына қауіпсіз. Қазіргі микротолқынды пештердің есік ашылған сәтте сәуле шығаруды бірден тоқтататын арнайы қорғаныс жүйесі бар.
Алайда есігі дұрыс жабылмайтын, топсасы немесе есіктің резеңке тығыздағышы бүлінген пешті қолдануға болмайды.
Есте ұстаған жөн
- тек «microwave-safe» белгісі бар пластик ыдысты пайдаланыңыз;
- металл ыдыстар мен алюминий фольганы микротолқынды пешке салмаңыз;
- қыздыру уақытын өндіруші ұсынған мөлшерден асырмаңыз;
- есігі немесе есіктің резеңке тығыздағышы бүлінген микротолқынды пешті қолданбаңыз.
Осы қарапайым ережелерді сақтау тағамды қауіпсіз қыздырып қана қоймай, микротолқынды пештің қызмет ету мерзімін де ұзартады.
