Басты бет / Жаңалықтар /
смарт-сағат
Фото: Techeblog.com

MIT ғалымдары әңгімелесу кезінде айтылған ақпараттың рас-өтірігін анықтайтын смарт-сағат жасады

АҚШ-тағы Массачусетс технология институты (MIT) зерттеушілері әңгіме барысында айтылған мәліметтердің шындыққа сәйкестігін тексеретін FactNudger атты смарт-сағат прототипін таныстырды. Құрылғы күмәнді мәлімдемелерді анықтаған кезде дірілдеп белгі береді. Экранда қысқаша ескерту белгісі шығып, пайдаланушы ақпаратты қайта тексере алады.

Смарт-сағат қалай жұмыс істейді?

FactNudger Wear OS операциялық жүйесінде жұмыс істейді.

Сағат микрофоны әңгімені нақты уақыт режимінде тыңдайды. Кейін жасанды интеллект оны мәтінге айналдырады. Жүйе айтылған сөздерді талдап, қандай ақпаратты тексеру керегін анықтайды.

Бұл процесс бірнеше секундқа ғана созылады және әңгімеге кедергі келтірмейді.

Қандай жағдайда белгі береді?

Жүйе денсаулық, қаржы немесе қауіпсіздік сияқты маңызды тақырыптар жөнінде айтылған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын анықтаса, смарт-сағат дірілдеп белгі береді. Экранға қысқаша хабарлама да шығады.

Пайдаланушы кейін смартфондағы қосымша арқылы жүйе пайдаланған дереккөздер мен сілтемелерді қарап, ақпараттың қалай тексерілгенін көре алады.

Сынақ нәтижесі

Зерттеу барысында жүйе 125 деректің рас-өтірігін тексерген. Сынақ қорытындысы бойынша FactNudger ақпараттың 77 пайызын дәл анықтаған.

Ал аяқталмаған сөйлемдер мен сөздердің қайталануы кездесетін 50 әңгімені талдағанда, жүйе дәлдігі шамамен 80 пайызды құраған.

Құрылғы, әдетте адам сөзін аяқтағаннан кейін 3,5 секунд ішінде қорытынды шығарады.

Адамдар сағатты қалай қабылдады?

Жүйе тиімділігін бағалау үшін зерттеушілердің келесі тәжірибесіне 34 адам қатысқан.

Нәтижесінде смарт-сағаттың ескертуін алған қатысушылар жалған ақпаратқа азырақ сеніп, естіген мәліметтің рас-өтірігін жиірек тексерген. Құрылғы олардың әңгімесіне айтарлықтай кедергі келтірмеген.

Кемшілігі де бар

Зерттеу барысында жүйе кейде қателесіп, шын ақпаратты да күмәнді деп бағалаған.

Мұндай жағдайда қатысушылар тек сол ақпаратқа ғана емес, кейін естіген өзге мәліметтерге де күмәндана бастаған. Сондықтан әзірлеушілер мұндай технологияны жетілдіру кезінде оның дәлдігіне ерекше мән беру қажетін айтты. Әйтпесе адамдар құрылғыға сенуден қалуы мүмкін.

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі сынақтар зертханада ғана жүргізілген. Ал шынайы өмірде айналадағы шу, адамдардың сөйлеу мәнері және басқа да факторлар жүйе жұмысына әсер етуі мүмкін.

Сондықтан зерттеудің келесі кезеңінде FactNudger-ге шынайы өмірде сынақтар жасалып, жасанды интеллект модельдерінің дәлдігі одан әрі жетілдіріледі. Жоба сәтті жүзеге асса, болашақта смарт-сағаттар күнделікті әңгіме барысында күмәнді ақпаратты дер кезінде ескертіп отыратын көмекші болуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok