Жаз мезгілінде масалар кейбір адамдарды айналшықтап шаға беретін болса, енді біреулерді мүлде шақпайды. Көпшілік мұны «тәтті қанмен» байланыстырғанымен, ғалымдар оның шындыққа жанаспайтынын айтады. Зерттеулерге сәйкес, масалар адамды қан дәміне емес, денеден бөлінетін иістер мен басқа да биологиялық белгілерге қарап таңдайды.
Масалар адамды қалай табады?
Адамды тек ұрғашы масалар ғана шағады. Масалар жұмыртқасын жетілдіруге адам қанындағы ақуызды пайдаланады.
Ғалымдардың айтуынша, масалар адамды шамамен 10 метр қашықтықтан-ақ сезе алады. Олар көру және иіс сезу арқылы тыныс алу кезінде бөлінетін көмірқышқыл газын (CO₂), дене қызуын және тері иісін бақылайды.
Көмірқышқыл газы
Масаға маңызды белгінің бірі – тыныс арқылы бөлінетін көмірқышқыл газы.
Масалар ересектерді балаларға қарағанда жиі шағады. Өйткені олар тыныс алу кезінде көмірқышқыл газын көбірек бөледі. Дене бітімі ірі адамдар көмірқышқыл газын көбірек бөлетіндіктен, масалар оларды жиірек шағуы мүмкін.
Дене қызуы
Масалар жылу мен ылғалды да жақсы сезеді.
Сондықтан:
- жүкті әйелдерді масалар екі есе жиі шағады;
- спортпен шұғылданғаннан кейін немесе дене еңбегінен соң адам масалардың назарын көбірек аударады.
- дене қызуы жоғары адамдар да масалардың нысанасына айналады.
Мұның бәрі ағзадағы зат алмасудың күшеюімен және көмірқышқыл газының көбірек бөлінуімен байланысты.
Терінің ерекше иісі
Ғалымдардың пікірінше, адамды масаларға ерекше тартымды ететін негізгі фактор – тері иісі.
Тері бетінде өмір сүретін пайдалы бактериялар тер мен майды ыдыратып, ауаға тез таралатын ұшпа органикалық қосылыстар түзеді. Әр адамның тері микрофлорасы әртүрлі болғандықтан, оның иісі де өзгеше болады.
Зерттеулер кей адамдардың терісінде карбон қышқылдары көбірек болатынын көрсетті. Дәл осы заттар масаларды ерекше тартады.
АҚШ-та жүргізілген тәжірибеде зерттеушілер 64 адамның тері иісін салыстырып, кейбір адамдар масаларды басқаларға қарағанда 100 есе көп тартатынын анықтады.
Неліктен маса шаққан жер бір адамда ісініп, ал екіншісінде байқалмайды?
Маса шаққаннан кейін әр адамда әртүрлі реакция болады.
Кейбір адамдарда кішкентай қызыл дақ қана қалса, енді біреулерде қатты ісініп, бірнеше күн бойы қышиды.
Ғалымдар мұны иммун жүйесінің ерекшелігімен және аллергияға бейім болумен байланыстырады. Сондықтан кей адамдар өздерін «масалар көп шағады» деп ойлағанымен, шын мәнінде олардың ағзасы шаққан жерге күштірек реакция беруі мүмкін.
Масадан қалай қорғануға болады?
Мамандар сарымсақ жеу немесе В дәруменін қабылдау масаны үркітетіні дәлелденбегенін айтады.
Дұрыс қорғану үшін:
- құрамында DEET, пикаридин немесе PMD бар репелленттерді (маса, шіркей, қара сона сияқты шағатын жәндіктерді жолатпайтын препараттар) пайдалану;
- ұзын жеңді киім мен ұзын шалбар кию;
- инсектицидпен өңделген киім кию;
- терлегеннен немесе біраз уақыт өткеннен кейін репеллентті қайта жағу ұсынылады.
Ғалымдардың айтуынша, масалар кей адамдарды басқаларға қарағанда жиі таңдауы мүмкін. Дегенмен бұл өзгелер мүлде қауіпсіз дегенді білдірмейді. Сондықтан жаз мезгілінде әрбір адам масадан қорғағаны жөн.
