Басты бет / Жаңалықтар /
Нұртай Аяулым
Фото: Нұртай Аяулымның жеке мұрағатынан

15 жасар NIS оқушысы ЖИ стартапын жасап, АҚШ пен Қытайдың беделді бағдарламаларына қабылданды

Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) 15 жасар оқушысы Нұртай Аяулым жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін JetiErtegi стартапын дамытып жүр. Ол жобасымен қатар АҚШ пен Қытайдың бірнеше халықаралық білім беру бағдарламасына қабылданып, шәкіртақы жеңіп алған. Бұл туралы оқушы Baribar.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Балаларға арналған ЖИ платформасы қалай пайда болды?

Аяулымның айтуынша, JetiErtegi жобасы ата-аналар мен балаларды қазақ ертегілері арқылы жақындастыру идеясынан туған.

«Осылайша JetiErtegi жобасы дүниеге келді. Бұл – жасанды интеллект ертегіні әр балаға бейімдеп, оны оқиғаның басты кейіпкеріне айналдыратын платформа. Біз қазақ фольклорының тәрбиелік мәні мен құндылықтарын сақтай отырып, оны балаларға қызық болатын жаңа форматта ұсынамыз», – дейді Аяулым.

Жоба авторының айтуынша, платформаның басты ерекшелігі – әр бала өзін ертегі кейіпкері ретінде көріп, оқиғаға араласа алады. Бұл балалардың кітапқа  қызығушылығын арттыруға көмектеседі.

Аяулым JetiErtegi жобасының co-founder әрі әзірлеушісі екенін айтты.

«Мен жобаның стратегиялық дамуына, тұжырымдамасын әзірлеуге, UX-дизайнына және сайттың техникалық бөлігіне жауап беремін. Мен үшін технологияның заманауи болуы ғана емес, оның білім беру саласына пайдалы болуы маңызды», – дейді жоба әзірлеушісі.

Нұртай Аяулым
Фото: Нұртай Аяулымның жеке мұрағатынан

Халықаралық бағдарламалар

Жас өнертапқыш биыл бірнеше халықаралық бағдарламаға қабылданған.

Ол АҚШ-тағы StandOut Connect 2026 Summer Cohort бағдарламасына өтіп, 2 000 доллар көлемінде шәкіртақы алған. Қытайдағы CUHK-Shenzhen AI & Data Science Datatron Elite Summer Camp жазғы мектебіне де  50 пайыздық шәкіртақымен қабылданған.

Бұдан бөлек, Аяулым CUHK-SZ SSE Elite Innovation Summer Camp бағдарламасына да қатысып, оқу ақысына жеңілдік жеңіп алған.

«Жүйе құруды үйрендім»

Оқушының айтуынша, мектептегі оқу мен стартапты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен ол уақытты дұрыс жоспарлау көмектесетінін айтты.

«Тәртіп мен үшін өзіңді тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрлеу емес, дұрыс жүйе құру білу. Stepik пен Coursera платформаларындағы курстар маған ойымды жүйелеуге және ең маңызды жұмыстарға ғана назар аударуға көмектесті. Әрине, шаршайтыным рас. Бірақ теориядан жалыққанда код жазып немесе дизайн жасағанды ұнатамын. Бұл маған қайта күш береді», – дейді Аяулым.

450 мыңнан астам қаралым жинаған жоба

Маңызды жобаларының бірі – Zamanaui505 TikTok парақшасы.

«Бұл – менің алғашқы толыққанды медиа жобам. Онда жасанды интеллект туралы күрделі дүниелерді қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын. Жоба 450 мыңнан астам қаралым жинады. Осы тәжірибе маған аудиторияны түсінуді, сторителлингті және соған сай дизайн жасауды үйретті», – дейді ол.

«Қолайлы сәтті күтпеңіз»

Сұхбат соңында Аяулым өз қатарластарына кеңесін айтты.

«Қолайлы уақытты, кәмелет жасын немесе диплом алғанды күтпеңіз. Қазір кез келгеннің қолында смартфон мен интернет бар. Қателесуден қорықпаңыз, өйткені қателесу сізді шыңдайды. Курстар оқыңыз, жаңа нәрселерді үйреніңіз, өзіңіз сияқты ынталы адамдармен араласыңыз. Бастысы – өзіңізге сеніңіз. Бүгінде Қазақстан оқушылары әлем деңгейіндегі жобалар жасап жатыр. Солардың бірі болу үшін тек алғашқы қадам жасасаңыз болғаны», – дейді жас өнертапқыш.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook