Басты бет / Жаңалықтар /
Зейнеткер, қария
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

«Банкке өзі баруға тиіс». Енді зейнеткерлерге онлайн несие берілмейді

Қазақстанда зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтарға несие рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді олар онлайн форматта несие ала алмайды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Несие алу үшін банкке жеке баруы керек

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа талапқа сәйкес зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтар несиені тек банк бөлімшесіне жеке барып рәсімдей алады.

Егер банк қызметкері клиенттің алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін деп күмәнданса, несие беруден бас тартуға міндетті болады. Мысалы, азамат үнемі телефонға қарап, біреудің нұсқауын орындап тұрғандай көрінсе немесе не үшін несие алып жатқанын нақты түсіндіре алмаса, банк өтінімді мақұлдамайды, — деді банк басшысы.

Өзгеріс алаяқтардан қорғауға бағытталған

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі уақытта телефон және интернет алаяқтары көбіне егде жастағы азаматтарды алдап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеуге итермелейтін жағдайлар жиілеген.

Сондықтан жаңа талаптардың негізгі мақсаты – зейнеткерлерді қаржылық алаяқтықтан қорғау және олардың ақшалай шығынға ұшырауына жол бермеу. Жаңа талаптардың орындалуын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылауға алады, — деді Тимур Сүлейменов.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram