Басты бет / Жаңалықтар /
Көлсай көлдері, табиғат, катамаран, қайықтар
Фото: Жазира Пірімқұл

Туризм қарқын алды: Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келді

Қазақстанда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 32,6 пайызға өсіп, 1,256 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, бүгінде туризм ел экономикасының өсімі мен халықаралық тартымдылығын арттыратын негізгі салалардың біріне айналып келеді.

Қазақстанға 15,7 млн шетелдік келген

Үкіметтің дерегі бойынша, елімізге 15,7 миллион шетел азаматы келген. Оның ішінде 11,1 миллион адам Қазақстанда бір тәуліктен астам уақыт болған. Сонымен қатар ішкі туристер саны 10% өсіп, 8,6 миллион адамға жеткен.

Қонақүйлер мен демалыс орындарының қызмет көрсету көлемі 17% артып, 350 млрд теңге болды. 2020 жылдан бері туризм саласында 573 инвестициялық жоба іске асырылып, орналастыру орындарының саны 25% өсіп, 4 482 нысанға жеткен, — делінген хабарламада.

Жаңа әуежайлар салынып жатыр

Қазір Қазақстан 30 елмен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырады. Аптасына 145 бағыт бойынша 812 халықаралық рейс орындалады. Сонымен қатар 17 әуежайда бесінші «әуе еркіндігі» дәрежесімен «ашық аспан» режимі қолданылады.

Үкімет мәліметінше, Кендірлі, Зайсан және Қатонқарағайда жаңа әуежайлар салынып жатыр. Сонымен қатар Арқалық әуежайы қайта жаңғыртылуда, ал Алматы, Үржар, Шымкент және Павлодар әуежайларында терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңартылып жатыр.

Туристерге қолайлы жағдай жасалып жатыр

Қазір 84 мемлекеттің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Бұдан бөлек, 102 елдің азаматтарына электрондық виза рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Сонымен қатар Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытуға арналған кешенді жоспарлар әзірленген. Жаңа заңға сәйкес, гидтердің жеке кәсіпкер ретінде міндетті тіркелу талабы алынып тасталды. Сонымен бірге визит-орталықтардың қызметі реттеліп, туристік автобустардың мемлекеттік шекарадан жылдам өтуі үшін «жасыл дәліз» тетігі енгізілді, — делінген хабарламада.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram