Басты бет / Экономика /
кепкен жеміс, базар, азық-түлік, сауда, көк базар
Фото: Ерқанат Аманкел

Қазақстанда кей азық-түлік арзандады: қай өнімдердің бағасы төмендеді?

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандай бастады. 2026 жылғы 15 шілдедегі жағдай бойынша, өткен аптамен салыстырғанда көкөніс, жұмыртқа, ұн және тауық еті бағасының төмендегені тіркелді.

Ең көп арзандаған өнім – қияр. Оның бағасы бір апта ішінде 4,6%-ға төмендеген. Сонымен қатар қызанақ пен сәбіз бағасы 3,2%-ға, I санаттағы жұмыртқа 0,4%-ға, ұн 0,3%-ға, ал тауық еті 0,2%-ға арзандаған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға индексі бірнеше қалада төмендеген:

  • Ақтау – 0,7%
  • Қонаев – 0,3%
  • Жезқазған және Петропавл – 0,2%
  • Тараз, Қарағанды және Түркістан – 0,1%

Ал Астана, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Павлодар және Семей қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде сақталған.

Статистикаға сәйкес:

  • Қиярдың республика бойынша орташа бағасы – 524 теңге/кг. Ең төмен баға Таразда тіркеліп, бір келісі 357 теңге болған.
  • Тазартылған күріштің орташа бағасы – 534 теңге/кг. Ең арзан күріш Қызылордада (456 теңге) және Алматыда (478 теңге) сатылып жатыр.
  • Ақ қауданды қырыққабаттың орташа бағасы – 198 теңге/кг. Ең төмен баға Түркістанда – 137 теңге.
  • I санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 561 теңгені құрады. Ең арзан жұмыртқа Қызылордада (464 теңге) және Оралда (476 теңге) сатылып жатыр.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Баға мониторингі барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада жүргізіледі.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген. Тізімге халық күнделікті тұтынатын 31 түрлі азық-түлік өнімі енгізілген.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook