Басты бет / Жаңалықтар /
бөлме гүлдері, Шотландия
Фото: Goodnewsnetwork.org

Бөлме гүлдерінің де ауруханасы бар: Шотландияда өсімдіктерді «емдейтін» ерекше орталық ашылды

Шотландияның Эдинбург қаласында ерекше қызмет көрсететін орталық ашылды. Hilda Houseplant Hospital деп аталатын бұл «ауруханада» адамдар емес, бөлме өсімдіктері «емделеді». Орталық негізін қалаушы Розанна Костелло үй өсімдіктерін күтіп-баптауға қиналатын адамдарға көмектесу үшін осындай жобаны қолға алған.

Өсімдіктерге де «ем» керек

Орталыққа келушілер өздерінің әлсіреген немесе зиянкестер зақымдаған бөлме гүлдерін әкеліп тапсыра алады.

Мамандар алдымен өсімдіктің «ауру тарихын» анықтайды. Яғни иесінен оның қанша уақыттан бері өсіріліп жатқанын, қандай мәселе болғанын және қандай нәтиже күтетінін сұрайды.

Содан кейін өсімдікке қажет күтім жасалады. Қызмет түрлеріне:

  • басқа құмыраға отырғызу;
  • зиянкестерден тазарту;
  • жапырақтарын қырқу;
  • арнайы қорек ерітіндісімен «тамшылатып» қоректендіру;
  • толық тазалау кіреді.

Өсімдіктен зиянкестер анықталса, ол басқа гүлдерге жұқтырмас үшін арнайы карантинге көшіріледі.

«Адамдар мұндай қызмет түрін көп күтті»

Розанна Костеллоның айтуынша, бұрын дүкендерден топырақ пен қажет құралдарды сатып алғанымен, көптеген адам тәжірибелі маманның көмегіне мұқтаж болған.

«Кейбіреулер өздері үйренгісі келеді, сол үшін шеберлік сабақтарын өткіземіз. Бірақ көбі өсімдігін мамандарға тапсырып, кейін оны қалай күту керегі жөнінде кеңес алғанды жөн көреді», – дейді Розанна Костелло.

Маманның бөлме гүлдерін күтуге қатысты кеңестері

Розанна Костелло үй өсімдіктерін күткенде мына қателіктерден аулақ болуға кеңес береді:

  • Өсімдікті міндетті түрде аптасына бір рет суару дұрыс емес. Құмыраны көтеріп көріңіз: жеңіл болса, су құятын уақыттың болғаны.
  • Бөлме гүлдеріне бақшаға арналған топырақ пайдаланбаңыз. Онда зиянкестер мен саңырауқұлақтар болуы мүмкін.
  • Қураған жапырақтары мен сабақтарын кесуден қорықпаңыз. Бұл өсімдіктің сау өсуіне көмектесіп, зиянкестердің жасырынуына жол бермейді.
  • Аптап ыстықта гүлдерді тікелей күн сәулесінен алысырақ қойған дұрыс. Әйтпесе жапырақтары күйіп қалуы мүмкін.
  • Жазда ашық терезеден үйге зиянкестер  кіруі мүмкін, сондықтан өсімдіктерді жиі тексеріп тұрған жөн.

Табиғатпен үндесудің бір жолы

Розанна Костеллоның пікірінше, әсіресе қалада пәтерлерде тұратын адамдарға бөлме өсімдіктері табиғатпен байланысудың маңызды тәсіліне айналған.

Сондықтан ол алдағы уақытта Hilda Houseplant Hospital-дың тағы бір бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok