Қазақстанда жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған бастамалар көбейіп келеді. Солардың бірі – «Тұлға боламын» жобасы. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жоба басталғалы бері 45 мыңнан астам адам кітап оқып, зияткерлік сайысқа қатысқан.
Жоба мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастарды білімге, тұлғалық дамуға және саналы ойлауға ынталандыру.
Baribar.kz тілшісі «Тұлға боламын» жобасының рандом жеңімпазы Болат Нұрзадамен сұхбат құрып, оның кітап оқу тәжірибесі мен оқырмандарға ұсынатын шығармалары туралы білді.
«Әр шығарма әртүрлі әсер қалдырады»
«Тұлға боламын» жобасының рандом жеңімпазы Болат Нұрзада кітаптың адамға әсері шығармаға байланысты екенін айтады.
«Кітап оқығандағы әсер әртүрлі. Көбінде шығармаға байланысты. Кей шығарма көпке дейін естен кетпейді, кейбірінің соңына жеткенше басын ұмытып үлгересің. Бір шығарманы оқып біткенше асығасың, ал кейбірін бастап, аяқтамай қоясың», – дейді кестеші Нұрзада Болат.
Оның айтуынша, жақсы шығарма оқырманды оқиғаға сырттай бақылаушы емес, сол әлемнің бір бөлшегіне айналдырады.
«Қызыға оқыған шығармаларда кейіпкерлермен бірге жылайсың, күлесің, қуанасың, жаның ауырады, жұбанасың. Қысқа ғана уақыттың ішінде әртүрлі сезімді бастан өткересің», – дейді жеңімпаз.
Қазақ әдебиетін неден бастау керек?
Нұрзада көбіне көркем әдебиет оқитынын айтып, жастарға қазақ классиктерінің шығармаларын оқуға кеңес береді.
Оның пікірінше, Мұхтар Мағауин мен Оралхан Бөкейдің кез келген шығармасы оқуға тұрарлық. Әсіресе, Оралхан Бөкейдің шағын әңгімелері оқырманға терең әсер қалдырады.
Сондай-ақ ол Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Әуезов және Төлен Әбдік шығармаларын оқуға ұсынады.
«Қазақтың әрбір ер азаматы оқуға тиіс шығарма»
Жеңімпаз ерекше атап өткен кітаптардың бірі – Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы.
«Кейінгі уақытта оқыған, ұнатқан, ұнағаны соншалық – көлемді болғанына қарамастан үш рет қайта оқыдым. Оны әр оқырманға, оның ішінде қазақтың әрбір ер азаматына оқуға кеңес берер едім», – дейді Нұрзада Болат.
Бұл шығарма ерлік, тәртіп, жауапкершілік және көшбасшылық қасиеттерді суреттеуімен ерекшеленеді.
Кітап оқу неге маңызды?
Кейінгі жылдары әлжелілер мен қысқа видеолар адамның ақпаратты қабылдау дағдысын өзгертіп жатқанымен, кітап оқу өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Психологтардың пікірінше, тұрақты кітап оқу:
- сөздік қорды байытады;
- сыни ойлауды дамытады;
- есте сақтау қабілетін жақсартады;
- эмпатияны арттырады;
- ұзақ уақыт бір іске назар аудару дағдысын қалыптастырады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Тұлға боламын» сияқты жобалар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың ой-өрісі мен дүниетанымының қалыптасуына да ықпал етеді.
Кітап оқу – тек ақпарат алу емес. Ол кейіпкерлермен бірге қуанып, мұңайып, жаңа өмірді бастан өткеруге мүмкіндік беретін ерекше тәжірибе. Ал мұндай тәжірибе адамның тұлға болып қалыптасуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
Еске сала кетейік, бұған дейін әлем жұлдыздары ұсынған кітаптар тізімі жарияланған еді.
