Премьер-министр Олжас Бектенов «Семей орманы» аумағындағы өртті сөндір үшін төтенше жағдай және экология министрін оқиға орнына жіберді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Абай облысына төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жедел аттанды. Оларға «Семей орманы» аумағындағы орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру міндеті жүктелді.
Өрттің таралуына жол бермеу және жақын маңдағы елді мекендерді қорғауды күшейту тапсырылды. 16 шілде күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 400-ден астам адам мен 100-ге жуық техника жұмылдырылған. Әуеден 100 тоннадан астам су төгілді, – делінген үкімет хабарламасында.
Сонымен қатар үкімет басшысы өрт сөндіру жөніндегі штаб жұмысы өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.
Естеріңізге салайық, Абай облысының полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.
