Басты бет / Жаңалықтар /
FDA
Фото: FDA

АҚШ-тың FDA басқармасы никотинді паучтарды «қаупі азайтылған балама өнім» ретінде мақұлдады

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) тұңғыш рет ZYN никотинді паучтарына қатысты өнімнің зияны азайтылғаны туралы ресми мәлімдеме жасауға рұқсат берді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ауқымды ғылыми сараптамадан кейін америкалық реттеуші орган мынадай қорытындыға келді: ересек шылым шегушілердің темекіден ZYN өнімдеріне толық көшуі шылым шегуден туындайтын бірқатар аурулардың, соның ішінде өкпе және ауыз қуысының қатерлі ісігі, жүрек-қантамыр аурулары, инсульт, эмфизема және созылмалы бронхиттің даму қаупін айтарлықтай төмендетеді.

Никотинді паучтар – бұл никотин өнімдерінің ең зиянды түрі саналатын дәстүрлі темекілердің орнына ересек шылым шегушілерге ұсынылатын түтінсіз балама өнімдердің жаңа санаты. Өнім ауыз қуысына салып қолдануға арналған шағын никотинді жастықшалар түрінде жасалған.

Орталық Азияда кең таралған насыбай мен швед снюсынан басты айырмашылығы – бұл никотинді паучтардың құрамында темекі жапырағы мүлдем болмайды. Олардың құрамындағы никотин темекіден арнайы бөліп алу (экстракциялау) арқылы немесе синтетикалық жолмен алынады.

Бұл ретте өнім жану процесін қажет етпейді және одан түтін бөлінбейді, осының арқасында ағзаға келетін зиянды заттардың мөлшері айтарлықтай азаяды. Кәдімгі темекіден осы никотинді паучтарға толықтай көшетін кәмелетке толған шылым шегушілер үшін бұл қадам шылым шегу салдарынан туындайтын аурулардың алдын алуға септігін тигізеді.

Аталған шешім ZYN брендімен шығатын 20 өнімге қатысты қабылданды. Бұл – никотинді паучтардың Modified Risk Tobacco Product (MRTP – қаупі өзгертілген темекі өнімі) мәртебесіне ие болып, өндірушіге өнімнің зияны азайтылғаны туралы ресми мақұлданған мәлімдемені қолдануға рұқсат берілген алғашқы жағдай.

Енді бұл өнімдерге қатысты мынадай тұжырымды қолдануға ресми түрде рұқсат етілді: «Темекінің орнына ZYN өнімдерін пайдалану ауыз қуысының қатерлі ісігі, жүрек-қантамыр аурулары, өкпе қатерлі ісігі, инсульт, эмфизема және созылмалы бронхиттің даму қаупін азайтады».

Сонымен қатар FDA бұл шешімнің өнімді мүлдем зиянсыз деп тануды білдірмейтінін ерекше атап өтеді. Денсаулық үшін ең дұрыс таңдау – темекі мен құрамында никотині бар өнімдерден біржола бас тарту екені даусыз. Дегенмен, никотиннен толық қол үзгісі келмейтін және темекіден мақұлданған ZYN никотинді паучтарына толықтай көшетін ересек шылым шегушілерде аурулардың даму қаупі әдеттегідей шылым шегуді жалғастырушылармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады.

Мұндай салмақты мәлімдеме жасауға тек ең қатаң реттеу процедураларынан өткеннен кейін ғана рұқсат берілді. Өтінімді қарау барысында FDA өте ауқымды ғылыми деректерді, соның ішінде өнімді тұтынушылардың денсаулығына төнетін қауіп-қатерді, қаупі азайтылған өнім туралы ақпаратты халықтың қалай қабылдайтынын, оның жастарға тигізуі мүмкін ықпалын және жалпы қоғамдық денсаулық үшін ықтимал салдарларын егжей-тегжейлі зерттеді.

FDA-ның Темекі өнімдері орталығы директорының міндетін атқарушы Брет Коплоу қаупі өзгертілген өнімдерді бағалау жүйесінің негізгі мақсаты да дәл осы екенін атап өтті.

FDA-ның қаупі өзгертілген өнімдерді бағалау жүйесі кәмелетке толған азаматтардың саналы таңдау жасай алуы үшін оларға темекі өнімдерінің салыстырмалы зияны туралы нақты, ғылыми дәлелденген ақпарат беруді көздейді, – деп атап өтті ол.

Сараптама қорытындысы бойынша реттеуші орган ұсынылған дәлелдердің дәл осы ZYN никотинді паучтарына қатысты мұндай мәлімдеме жасауға толық жеткілікті екенін және бұл ақпараттың таралуы қоғамдық денсаулықты сақтау ісіне септігін тигізе алатынын мойындады.

Бұл рұқсат бес жыл мерзімге берілді. Осы уақыт ішінде өндіруші тұтынушылардың мінез-құлқы мен қауіп-қатер туралы ақпаратты қалай қабылдайтынын зерттей отырып, тіркеуден кейінгі міндетті мониторинг жүргізуге тиіс. Егер FDA бұл мәлімдемені қолдану бұдан былай қоғамдық денсаулық мүддесіне сай келмейді деп тапса, рұқсаттың күшін қайта қарауға немесе оны кері қайтарып алуға құқылы.

PMI U.S. бас директоры Стейси Кеннеди FDA шешімін АҚШ-тағы кәмелетке толған миллиондаған никотин тұтынушылары үшін маңызды белес деп атады.

Бүгінгі шешім ересек тұтынушылардың нақты әрі ғылыми дәлелденген ақпаратқа қол жеткізуіне кепілдік береді. Оның ішінде темекіден ZYN-ге көшу шылым шегуден туындайтын аурулардың қаупін азайтатыны туралы FDA мақұлдаған деректер де бар. Ауқымдырақ айтсақ, бұл қадам агенттіктің никотинді өнімдерді бағалаудағы ғылыми тұрғыдан негізделген тәсілін және алынған нәтижелерді тұтынушыларға ашық жеткізе алатынын тағы да дәлелдейді, – деді Стейси Кеннеди.

Қазақстандық мамандардың пікірінше, FDA-ның бұл шешімі америкалық нарықтан тыс жерлерде де үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені ол баламалы никотин өнімдерін бағалауда тек ғылыми дәлелді базаға ғана сүйенетін шынайы тәсілді көрсетіп отыр.

Ең маңыздысы, FDA никотинді паучтар санатын тұтастай емес, нақты өнімдерді өте ауқымды ғылыми деректер негізінде жеке-жеке бағалады. Бұл қауіп деңгейінің төмендегені туралы қорытындыны тек әрбір нақты өнімге жан-жақты ғылыми сараптама жасалғаннан кейін ғана шығаруға болатынын көрсетеді, – деп атап өтті стоматолог-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, PhD, «Қазақстан стоматологтарының сарапшылық қоғамдастығы» РҚБ президенті Мейрам Уахитұлы Раганин.

Ол сонымен қатар FDA шешімінің басты шарты – темекіден біржола бас тартып, балама өнімге толықтай көшу екенін тағы да баса айтты:

Америкалық реттеуші орган тағы бір мәрте ескертті: мүлдем зиянсыз темекі өнімі болмайды, ал денсаулық үшін ең дұрыс таңдау – оларды тұтынудан түбегейлі бас тарту. Сонымен қатар, никотиннен мүлдем қол үзгісі келмейтін ересек шылым шегушілер үшін әртүрлі өнімдердің салыстырмалы қаупі туралы ғылыми дәлелденген ақпараттың болуы анағұрлым саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді.

FDA қабылдаған бұл шешім никотинді паучтардың қаупі азайтылғаны туралы ресми мәлімдемені қолдануға рұқсат алған алғашқы жағдайы ғана емес. Ол шын мәнінде, мұндай өнімдерді алдағы уақытта бағалаудың жаңа бағдарын айқындап берді. Яғни қауіп деңгейінің төмендігі туралы тұжырымдар тек ауқымды зерттеулермен дәлелденіп, тәуелсіз ғылыми сараптамадан өткенде және қоғамдық денсаулық мүддесіне толық сай келгенде ғана қолданыла алады. Бүгінде мұндай сындарлы тәсіл ересек шылым шегушілер үшін зиянды азайту стратегиясын талқылауда халықаралық стандартқа айналып келеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram