Маусым айында Астанадағы жеңіл рельсті көлікпен (LRT) 2,1 миллион жолаушы қатынаған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бұл көрсеткіш бойынша, елордадағы LRT Алматы метросынан сәл ғана төмен нәтиже көрсетті. Маусым айында Алматы метросы 2,4 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен.
Сарапшылардың айтуынша, жолаушы айналымы бойынша LRT көш бастап тұр. Маусым айында бұл көрсеткіш 46,5 млн жолаушы-шақырымды құраса, Алматы метросында 34,9 млн жолаушы-шақырым болған.
Мұндай айырмашылық көлік желісінің ұзындығымен байланысты. Астанадағы LRT бағытының ұзындығы 22,4 шақырым, ал Алматы метросының желісі 13,4 шақырым. Жолаушы айналымы тек тасымалданған адамдар санын ғана емес, олардың жүріп өткен қашықтығын да ескереді.
Әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейінгі LRT желісі 16 мамырда іске қосылды. Осы уақыт ішінде жолаушы тасымалынан түскен табыс 503,1 млн теңге болды.
