Басты бет / Жаңалықтар /
Балалар, марафон, жүгіру, Summer Relay
Фото: Алматы әкімдігі

Summer Relay: Алматыда қай көшелерде қозғалыс шектеледі?

18 шілде күні Алматыда Summer Relay жазғы кешкі эстафетасы өтеді. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылатын спорттық іс-шараға байланысты қаланың бірқатар орталық көшесінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қай көшелерде қозғалыс шектеледі?

Биыл Summer Relay алғаш рет қаланың тарихи орталығы арқылы өтетін жаңа бағытта ұйымдастырылады. Жарыстың сөресі мен мәресі «Астана» алаңында орналасады. Қатысушылар Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері және Абылай хан даңғылы арқылы жалпы ұзындығы 10 шақырым болатын эстафеталық қашықтықты еңсереді.

Осыған байланысты мына көшелерде уақытша шектеу енгізіледі:

  • 18 шілде сағат 09:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін – Төле би көшесінде (Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Абылай хан даңғылында (Төле би көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Қабанбай батыр көшесінде (Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін);
  • 18 шілде сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін – Панфилов көшесінде (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін).

Жарыс бағдарламасы қандай?

Summer Relay бес адамнан құралған командалар арасында өтеді. Сонымен қатар балалар үшін 500, 1000 және 2000 метрге жүгіру жарыстары ұйымдастырылады.

Бағдарлама бойынша:

  • 18:00 – балалар жарысы;
  • 20:00 – 2 шақырымдық жүгіру;
  • 21:00 – Summer Relay негізгі эстафетасы.

Мәреге жеткен барлық қатысушыға естелік медаль табысталады. Әр санаттың жеңімпаздарына мүсінше мен серіктестердің сыйлықтары беріледі, ал PRO және Business санаттарында топ жарған командалар ақшалай сертификатпен марапатталады.

Ұйымдастырушылар алматылықтар мен қала қонақтарына уақытша жол шектеулерін ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес береді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok