Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары барысында 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Құжаттар жасанды интеллект, цифрландыру, көлік инфрақұрылымы, қаржы, агроөнеркәсіп, машина жасау және өзге де жоғары технологиялық бағыттардағы бірлескен жобаларды қамтиды.
Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшылары қатысқан дөңгелек үстелде құжат алмасу рәсімі өтті. Атап айтқанда, Қазақстанның мемлекеттік органдары мен отандық компаниялары Huawei, Geely Auto Group, Li Auto, Chery Holding Group, UBTECH Robotics және басқа да қытайлық серіктестермен стратегиялық әріптестік, инвестиция тарту, өндірісті дамыту, көлік және логистика инфрақұрылымын жаңғырту, жасанды интеллект пен робот техникасын дамыту бағытында келісімдер жасасты.
Сонымен қатар, жоғары білім мен ғылым саласында да ынтымақтастық нығайып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Qazaq AI Research University және қытайлық жоғары оқу орындары мен технологиялық компаниялары арасында бірлескен институт құру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
